Қазақстандықтарға енді жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдер жаңаша төленеді

Қазақстандықтар енді жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерді жаңа түрде алады.

Ол үшін әлеуметтік әмиян жасалады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады. Әлеуметтік әмиян осы жылдың аяғында енгізіледі.

Әлеуметтік әмиян. Сауда және интеграция министрлігі баяндаған жаңа жобаның пилоттық нұсқасы желтоқсанда іске қосылады. Ал келер жылдан бастап жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді электрондық ақша түрінде кезең-кезеңімен аудару жоспарлануда. Сондай-ақ министрлік жоба аясында Ұлттық банктің электронды ақшасы арнайы әмияндарға жіберілетінін хабарлады. Бұл әмиянның өзі қазақстандықтың ЖСН базасында құрылады. Ол шоттағы қаражат банктер, коллекторлар, салық органдары тарапынан өндіріп алудан қорғалады. Электронды ақшаны алушыға әлеуметтік кабинет әзірленеді. Оған қашықтықтан тіркелуге мүмкіндік беріледі. Бірақ азаматтарда таңдау мүмкіндігі сақталатынын ескеру керек. Мемлекеттік көмекті әмиянға электрондық ақшамен ала ма, әлде банк картасымен алама өз еркі.

***

Еңбек нарығына үш мыңдай кәсіби маман қажет

Жұмыс іздеп жүргендер үшін жақсы жаңалық. Қазақстанның еңбек нарығына биыл 2700 кәсіби маман қажет болады. Қызмет көрсету мен құрылыс, көлік саласындағылар сұраныстағы мамандық иелері. Еліміздің еңбек нарығын бір сүзіп шыққан Ранкинг.кз порталы осындай дерек келтірді. Болжам бойынша, экономикалық тұрғыдан өндірісте 3400 қызметкер керек болады. Бұл бағытта мамандарға сұраныс былтырға қарағанда 36% - ке артады. Екінші кезекте көтерме және бөлшек сауда да 2100 адам, үшінші әкімшілік және көмекші қызметтерде 1400 адамға сұраныс болады. Аймақтар ара жігінде ірі қалаларда жұмыс күші қажет. Бұл Алматы, Нұр-Cұлтан қалалары мен Атырау облысы.

Биыл жұмыскерлерге сұраныс болатын салалар

Өндіріс – 3400 адам

Сауда және көлік жөндеу – 2100 адам

Әкімшілік және көмекші қызметтер – 1400 адам

***

Қазақстан Еуразиялық даму банкінен ₸ 19,2 млрд несие алды

Еуразиялық даму банкі Қазақстанға 19,2 млрд теңге несие берді. Қаражат ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуды қаржыландыру мақсатында «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниясына» берілген. Бұл туралы Еуразиялық даму банкі хабарлады. Дереккөзде несиенің жартысынан көбі, шамамен «10 миллиард теңгеден астамы бірінші траншпен жіберілді» деп жазылған. «Бұл қазақстандық ауылшаруашылығы өндірушілерін үш жыл бойы қолдауға мүмкіндік береді», - дейді қаржы ұйымы. Бірақ хабарламада Еуразиялық даму банкі қаражатына сатып алынған ауыл шаруашылығы өнімдері банктің басқа қатысушы елдеріне де жеткізілуі мүмкін екені де айтылған.

***

Қытай компаниялары акцияларының саудасы қызып тұр

Шетелдік инвесторлар қытайлық компаниялардың акцияларын көптеп сатып алып жатыр. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, инвесторлар сатып алған Қытай құнды қағаздарының таза көлемі 3,3 млрд долларды құрады. Бұл соңғы бессауда сессиясында Шанхай және Шэнчжэн қор биржаларының Гонконг қор биржасымен өзара бағдарламалары арқылы өткен қаражат. Өткен айдың аяғында ҚХР қор нарығының құлдырауы шетелдік инвесторлардың қызығушылығын арттыра түсті. Нарықтың құлдырауы ел билігінің онлайн білім беру компаниялары үшін қатаң шектеулер енгізгеннен кейін болды. ҚХР Мемлекеттік кеңесінің жаңа өкіміне сәйкес мектеп бағдарламасында қарастырылған пәндерді оқытатын компаниялар шетелдік инвестицияларды тарта алмайды, сондай-ақ ашық нарыққа шыға алмайды. Бейжіңнің бұл шешімі Қытай қор нарығының күрт құлдырауына әкелген.