Ресейде жұмысын тоқтатқан компаниялар өз орталығын Қазақстанға көшіруі мүмкін

Акчабар

Ресейде жұмысын тоқтатқан америкалық компаниялар жаңа нарық іздеп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстан оларға қолайлы орта бола алады. АҚШ-тың The Hill басылымы осындай мақала жариялады. Онда Қазақстанда табиғи байлықтың қоры мол екені, медицина, ұшақ жасауға қажетті металлдар және ең бастысы уран қоры бойынша әлемде бірінші орында тұрғаны айтылады.

Бұған қоса геосаясаттағы тұрақсыздыққа байланысты әлемде азық-түлік тапшылығы туындады. Кең байтақ жері бар Қазақстанның ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге де мүмкіндігі жетеді. Оның үстіне біздің ел Қытай мен Ресей сынды алып нарықтың ортасында орналасқан. Мұнда өндіріс ошақтарын шоғырландыруға АҚШ пен Еуроодақ назар аударуы тиіс делінген. Бұған дейін елдің сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Ресейде өндірісін тоқтатқан компанияларды Қазақстанға шақырған болатын. Бірер күн бұрын Чехияның Škoda Transportation және Elektrotechnika компаниялары елге келіп, зауыт салу жолдарын зерделеді. Қос компания Еуропада трамвай, тралейбус, темір жол вагондары электр пойыздар және электр автобустар сынды көлік түрлерін жасайды.

КӨЛІК ЭКСПОРТЫ 45% АРТТЫ

Қазақстанда автокөлік өндірісі артып келеді. Елдің автобизнес қауымдастығының мәліметіне қарағанда биыл үш айда отандық зауыттар жалпы сомасы 213 миллиард теңге болатын 22 мың 200 техника құрастырды.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,4 процентке көп. Жіктеп айтатын болсақ, құрастырылған техниканың 19 мың 500 дейі – жеңіл көлік. Екі мың үш жүзі жүк көлігі, сондай-ақ 225 автобус, 151 тіркеме 65 арнайы техника жасалған. Қауымдастық өкілдерінің айтуынша елде сатылған бес автокөліктің үшеуі өзіміздің зауыттарда құрастырылған.

Сондай-ақ экспорт көлемі де артып келеді. Бірінші тоқсанда шет елге 1916 автокөлік сатылып, 45 процент өсім көрсетті. Қазақстанда жасалған автокөлік негізінен Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан және Беларуське экспортталады екен.

НАУРЫЗДА ИНФЛЯЦИЯ 3,7% БОЛДЫ

Наурызда инфляциялық өсім жеделдеп кетті. Қарапайым сөбен айтқанда азық-түлік пен қызмет ақысы бір айда 3,7 процентке қымбаттады. Осылайша жылдық мәнде 12 процентке жетті. Бір ай бұрын 8,7 процент болған еді. Қымбатшылық әсіресе Ақтөбе Түркістан, Ақмола облыстары мен Шымкент қаласында тіркелген. Мәселен, былтыр наурызда Елде инфляция деңгейі 7 процент болған еді. Содан бері Ақтөбе мен Түркістанда 12,9 процентке, Ақмолада 12,6, Шымкент 12,4, Алматыда 12,3 процентке жетті. Сарапшылардың пайымынша, дереу шұғыл шаралар қабылданбаса, инфляция одан әрі өсе беруі мүмкін.

Қайырбек Арыстанбеков, экономикалық саясат институтының директоры:

- Ресейдің Орталық банк төрайымы Набиуллина жақында Путинге бір талдамалық хат жазған екен. Сол хатта Ресейде жылдық инфляция 70 процент болады деп жатыр. Бізде 40 пайыз сауда Ресеймен ғой. Соған қарағанда 70 проценттің 10 проценті бізге келеді деген сөз. 12-ге 7-ні қос, жылдың соңында тағы болады. Шұғыл түрде Ұлттық банк пен Үкімет дереу ол инфляциямен күресу керек.

ҮШ АЙДА 17 МЫҢДАЙ РЕСЕЙ АЗАМАТЫ КЕЛДІ

Қазақстанға Ресейден өндіріс орындары ғана емес мамандар да ағылуы мүмкін. Қазірдің өзінде көрші елдегі қаржы институттары, ірі индустриялдық компаниялар мен IT стартап жоба жасаушылар Таяу Шығыс, ТМД әсіресе Қазақстанға қызығушылық таныта бастаған. Мәселен, америкалық McKinsey компаниясы Мәскеудегі қызметкерлерін уақытша Қазақстанға көшіру туралы шешім қабылдаған. Себебі Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресей азаматтары бізде бір жылға дейін еш кедергісіз жұмысқа орналаса алады. Елдің ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда биыл қаңтар мен наурыз аралығында 17 мыңдай Ресей азаматы Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алды. Оның 8 мың 2 жүзі жұмыс барысымен келген. Сондай-ақ 170 адам Қазақстанның азаматтығын алуға өтініш білдірген. Елдің қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша 24 ақпан мен 31 наурыз аралағында елдегі банктерден Ресей мен Беларусь азаматтары 12 мыңдай есеп шот ашты. Оның 11мыңға жуығы банк орталығына келген. Қалғаны қашықтан тапсырыс берген.