Қазақстанға көмек. Парижде қайырымдылық кеші өтті
Парижде су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек ретінде қайырымдылық кеші өткізілді.
Іс-шара Франциядағы бірнеше қоғамдық ұйымдар мен Қазақстан елшілігінің бастамасымен ұйымдастырылды.
Еліміздегі су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың тағдырына Франция жұрты да алаңдаулы. Парижде өткен қайырымдылық кешінде француздар қазақ халқына тілектестік білдіріп, әрдайым демеуге дайын екенін жеткізді.
Баян Жанбауова, "Kazfashion Paris" қауымдастығының президенті:
- Елімізде болып жатқан оқиғаларға бейжай қарай алмаймыз. Жырақта жүрсек те жүрегіміз әркез Отанымыз деп тұрады. Қазір, осындай қиын-қыстау кезеңде зардап шеккен отбасыларға деп жылу жинаудамыз. Көрмеге келушілер көп. Бәрі де қолдан келгенше көмектесіп жатыр.
Эстель Пейян, "Xcss-Cross Country Skiing Sand" қауымдастығының президенті:
- Қазақстан халқының бірлігі күнінен кейін бұл күннің мәні жалпы адамдар арасындағы ынтымаққа айналды. Табиғи апат салдары бізді де алаңдатады. Тұтас қауымдастық болып, әркез қол ұшын созуға дайынбыз.
Шараға жиналған қауым қазақстандық дизайнер Жанна Серікбаеваның ұлттық нақыштағы киімдер топтамасының көрсетілімін тамашалап, көзайым болды. Сән көрсетіліміндегі арулардың дені Францияда оқып жатқан қазақстандық студент-қаракөздеріміз. Олармен бірге Колумбия аруы да қазақ киімін киіп шықты.
Жанна Серікбаева, дизайнер:
- Өкінішке орай, біздің елімізде су тасқыны болды. Біз мұны жүрегімізбен қабылдадық, Францияда тұратын жергілікті қазақтар ғана емес, француздар да қолдау көрсетеді және бұл керемет. Біз оларға шынайы сезімдері үшін алғыс айтамыз.
Шара кезінде дизайнер өз қолымен тіккен киімдерін түгел сатылымға шығарды. Одан түскен қаражатты, зардап шеккен көпбалалы аналарға жөнелтпек.
БЛИЦ
- Табиғи апат кезінде әртүрлі ұлыс пен ұлттардың бір-біріне қол ұшын созуы маңызды. Мұндай кезеңде адамдар бір-біріне қолдау білдіру керек.
- Қазақстандағы ахуал туралы, жаңалықтардан көріп білдік. Күнде бақылап отырамыз. Осындай қиын шақта біз қазақстандықтармен біргеміз және қолдаймыз.
Қайырымдылық кешінен кейін келіушердің көбі көмек көлемін арттыру үшін тағы іс-шаралар ұйымдастыруға ниетті. Айта кетейік, осыған дейін де Франция жұрты игі бастамалардан қалыс қалмай қолдау білдіріп келеді.
Фариза Жанғанаева, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан