Фармацевтика саласына $50 млн тартылды
Алдағы бес жылда елде отандық дәрі-дәрмектің үлесі 50%-ға жетеді.
Үкіметке осындай міндет жүктелді. Қазір бұл көрсеткіш 15%-дан аспайды. Қазақстанда жылына қаншы дәрі-дәрмек шығарылады, баға қалай қалыптасады?
«Медициналық техникаға алдын ал келісімшарттар жасау мен отандық медициналық бұйымдарға шекті бағаны кешіктіріп бекіті өндірушілерге кедергі болып отыр». Мәжіліс депутаттары осылай дейді. Өткен жылы Қазақстанда фармацевтика саласына 50 миллион долларға жуық инвестиция тартылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері айтты. Елде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар шығаратын 15 жаңа кәсіпорын ашылды. Саланы жетілдіру нәтижесінде отандық дәрі-дәрмектердің үлесін 50%-ға жеткізу міндеті тұр. Бұл алдағы 5 жылда жүзеге асуы тиіс. Қазір салада 150-ден астам отандық өндіруші бар. Олар мыңнан астам дәрі-дәрмек пен 1 800-ге жуық медициналық өнім шығарады. Сонымен қатар, Қазақстанда денсаулық сақтау мен ветеринарияға арналған 10 вакцина, 24 медициналық бұйым және 6 диагностикалық құрал өндірісі жолға қойылған.
16 мың тонна дәрі-дәрмек импортталды
Өткен жылдың алты айында шетелдерден 16 мың тоннаға жуық дәрі-дәрмек сатып алынған. ТМД елдерінен 72 миллион АҚШ долларына 5 мың тоннаға өнім әкелінді. Негізгі жеткізіп берушілер Ресей, Беларусь және Украина. Қытай, Германия және Үндістан препараттары да нарықта бар. Бұл мемлекеттерден 719 миллион АҚШ долларына 11 мың тонна дәрі-дәрмек әкелінді. Отандық өндіріске де тоқталайық. Былтыр елімізде фармацевтика өндірісінің көлемі 100 миллиард теңгеден асты. Медициналық фармацевтикалық бақылау комитеті осындай ақпарат берді. Ең көп өнім Алматы облысында, Шымкент пен Алматы қаласында шығарылған.
Дәрі-дәрмек импорты /2023 ж. 6 айында:
Импорт $719,8 МЛН
ТМД елдерінен - 4,8 мың тонна
Басқа мемлекеттерден -11,1 мың тонна
Негізгі импорттаушылар: Қытай, Германия, Үндістан
Медициналық өнімдер 12% қымбаттады
Дәрі-дәрмектер, аппараттар мен жабдықтардың бағасы бір жылда 12%-ға өсті. Бұл үрдіс, әсересе, Ақмола облысында байқалды: өсім - 22%. Солтүстік Қазақстан облысында 20 және Алматыда 17%. Түркістан облысында медициналық өнімдердің құны 5%-ке қымбаттаған. Бұл ең төменгі көрсеткіш.
Әсел Жанатбекова, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға референттік баға белгілеу басқарма жетекшісі:
- Көтерме және бөлшек саудада шекті бағалар жылына екі рет бекітіледі. Бірінші кезекте оған тауар өндірушінің бағаны өзгертуі себеп. Яғни, Қазақстан үшін препараттар мен медициналық бұйым құны қайта қаралады. Сәйкесінше, өндіруші бағаны қайта тіркеуге өтініш береді. Сонымен қатар, қосалқы тасымалдау мен кедендік ресімдеуге кететін шығын бар. Осының бәрі – бағаға әсер ететін негізгі факторлар.
Дәрі-дәрмекпен қамтуға ₸ 237 млрд жұмсалды
Былтыр халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге мемлекеттік бюджеттен 237 млрд теңге бөлінді. Оның 25%-ті сирек кездесетін ауруға шалдыққан пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалған. Олар жалпы емделушілердің санының 1%-ін ғана құрайды.