Елде дәрі-дәрмекті міндетті таңбалау енгізіледі

Цифрлық технология күнделікті өмірімізге дендеп еніп келеді.

Тіпті, көлеңкелі экономикамен күресте цифрландыру көптеген пайдасын тигізіп отыр. «Көлеңкелі бизнестің жолын кесудің бір тиімді тәсілі – таңбалау», - дейді мамандар. Бүгінде елде бірнеше тауар түрі міндетті түрде таңбалануға тиіс. Қазір темекі өнімдері мен аяқ киімдер міндетті түрде таңбаланады. Сондай-ақ, бірнеше өнімге қатысты пилоттық режимде жүзеге асып жатыр.

Ақпан айынан бастап сыра мен мотор майын пилоттық режимде таңбалау басталды. Сондай-ақ, 1 шілдеден бастап зергерлік бұйымдар мен дәрі-дәрмекті таңбалау міндеттеледі. Бұл өзгерістер көлеңкелі экономиканы ауыздықтау мақсатында енгізіліп отыр. Тауарларды таңбалау әлемдік қауымдастықта бұрыннан бар үрдіс.

Қазақстанда 2019 жылдан бастап енгізілді. 2019 жылдан бері темекі өнімдерін міндетті түрде таңбаланып келеді. Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша былтыр акциз түсімі 46 пайызға өсті. Яғни, 191 млрд теңгеден 281 млрд теңгеге ұлғайды. Сонымен қатар, екі жыл ішінде 12 млрд теңгеден астам сомаға заңсыз темекі өнімі анықталды.

Үш жыл бұрын аяқ киімдерді таңбалау қолға алынды. Сол уақыттан бері импорттық аяқ киімнен түсетін қосымша құн салығы мен кеден бажының көлемі еселеп артты. Мәселен, салық көлемі 2021 жылы 7 млрд 800 млн теңге болса, 2023 жылы 31 млрд теңгеге жуықтады. 

1 шілдеде дәрі-дәрмекті таңбалау бойынша пилоттық жоба аяқталады. Сөйтіп, дәрі-дәрмектердің 7 124 түрі міндетті таңбалауға көшуі тиіс. Бүгінге дейін дәрілік заттарды таңбалап, қадағалайтын ақпарат жүйесіне 563 қатысушы тіркеліп, 19 млн таңбалау коды берілді. «Экономика саласындағы цифрландыру көлеңкелі бизнестің кемуіне елеулі ықпал етті. Мәселен, «Цифрлы Қазақстан» жобасы арқасында көлеңкелі экономиканың үлесі 40 пайыздан 25 пайызға төмендеді», - дейді экономист Бауыржан Ысқақ.

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Көлеңкелі экономиканың алдын алуға мүмкіндік беретін – тауарларды таңбалау. Жалпы, ол тәжірибе бізде қалыптасып келе жатыр. Ең бастысы бұл жерде мемлекет қана емес, тұтынушы ұтады. Тұтынушы әр тауардың толыққанды сипаттамасы, қай уақытта шыққаны, қандай шикізатпен, өзіндік құнына қандай шикізат әсер етті деген сұрақтарды қабылдап алады. Ол әсіресе мынау дәрі-дәрмек, сүт өнімдері, аяқ киім, яғни, адамның денсаулығына өте әсерін тигізетін факторларға жағымды әсер етеді.

Аяқ киімді таңбалаудан түскен салық:

2021 жылы – ₸7,8 млрд

2022 жылы – ₸ 26,4 млрд

2023 жылы – ₸ 30,7 млрд

18 мың жұмыс орны ашылады

Импорттық тауарды отандық өніммен алмастыру маңызды. Кейінгі жылдары өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі өсті. Мысалы, былтырғы жылдың 11 айында өңдеу өнеркәсібінің сыртқы сауда айналымы 12 пайызға артып, 74 млрд доллардан асты.

Өңдеу өнеркәсібін дамытуда инвестицияның ықпалы зор. Былтыр жалпы құны 928 млрд теңге болатын 170 жоба іске қосылды. 12 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Лак және бояу материалдары, медициналық жиһаздар мен лифт жасау сынды өндіріс тізбегі іске қосылды. Биылға құрылған жоспар да ауқымды. Жалпы құны 1 трлн 200 млрд теңге болатын 180 жоба жүзеге асырылады. Соның арқасында 18 мыңнан астам жұмыс орны ашылуы тиіс.

Бұлардың қатарында Павлодар облысында ферроқорытпа зауыты, Қостанай облысында жүк көліктеріне арналған бөлшектер зауыты, Алматы облысында тұрмыстық техника зауыты және Қарағанды облысында жел станцияларының бөлшектерін шығаратын зауыт жұмысын бастайды. Бұл ретте кешенді жұмыс жүргізу қажеттігі белгілі. Осы мақсатта Үкімет арнайы бағдарлама қабылдады. Бұл бағдарлама Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасы деп аталады. Яғни, мұнда отандық тауарлар қатарын кеңейту көзделеді. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын арттыру міндеті қойылып отыр.

Өңдеу өнеркәсібі

2023 жылы – 170 жоба

Жалпы құны – ₸928 млрд

2024 жылы – 180 жоба

Жалпы құны – ₸1,2 трлн

6,5 мың шақырым желі жөнделеді

Елдегі түйіні күрмеулі көп саланың бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы. Жылу және сумен жабдықтау желілерінің орташа тозу көрсеткіші 50 пайыздан асады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында бұл көрсеткішті 40 пайызға дейін төмендету туралы міндет қойды.

Былтыр коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 500 млрд теңге жұмсалды. Бірқатар ірі жылу көздері мен 5800 шақырым инженерлік желі жөнделді. Ал биыл салаға 450 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады. Осылайша, 6 жарым мың шақырым желі жөнделуі тиіс.

Саладағы проблеманы шешу үшін «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы іске асып жатыр. Бағдарлама шеңберінде 2029 жылға дейін 3 трлн теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Соның нәтижесінде 62 мың шақырым желі жөндеуден өтеді. Осылайша, жылу және су құбырларының тозуы 20 пайызға дейін азаяды.

Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту

2023 жыл – ₸500 млрд

5,8 мың шақырым

2024 жыл – 450 ₸млрд

6,5 мың шақырым