Бизнесті несиелеу жеңілдейді
Биыл несиелеу шарты біршама жеңілдеуі мүмкін.
Бұған базалық мөлшерлеме мен банк операцияларына жасақталатын қор құнының жыл соңына дейін біртіндеп төмендеуі себеп болмақ. Бір жағынан несиелік тәуекелдердің жақсаруы да оң ықпалын тигізуі мүмкін. Қазақстандық қаржыгерлер қауымдастығы бүгін осындай болжамын жариялады. Дей тұрғанмен сарапшылар жеке тұлғаларды несиелеу қарқыны бәсеңдейді деп отыр. Оған сұраныстың азайып, реттеу шарттарының қатаңдауы себеп. Ал бизнесті несиелеу керісінше, үдей түседі. Сарапшылардың пікірінше, ақша-кредит жағдайының жақсаруы мен ынталандыру тетіктерінің іске қосылуы септігін тигізбек. Әсіресе, қайта өңдеу өнеркәсібі, сауда және құрылыс саласы үшін бұл жағымды жаңалық.
Халықты несиелеу: ₸16,7 трлн; 26,7%
Бизнесті несиелеу: ₸11,2 трлн; 16,7 %
Банк секторындағы ахуалды зерделеген қаржыгерлер мынадай тұжырымға келген: Былтыр халықты несиелеу қарқыны 26,7 пайызға дейін жетті. Алдыңғы жылы өсім 31 пайыздан асқан еді. Демек бұл салада несиелеу бәсеңдеген. Есесіне, бизнеске кредит бөлу көрсеткіші 16,7 пайызға жетті. Оған дейін бұл көрсеткіш 14 пайызға жуықтаған болатын.
Халық салымы: ₸ 20,4 трлн; 20,6 %
Корпоративті салым : ₸ 14,9 трлн; 0,1%
Екінші деңгейлі банктердің салымына үңілсек, мынаны көруге болады. Былтыр 12 айда халық салымы 20 трлн-нан асқан. Өсім – 20,6 пайыз деңгейінде. Сарапшылар бұған жалақы өсімі әсер етті дейді. Сонымен бірге, теңгедегі салымды қорғау бағдарламасы аясында қосымша 10 процент төленген. Ал бизнес салымшылары құйған сома 15 трлн-ға жуықтапты. Мұндағы өсім небәрі 0,1 пайыз мөлшерінде ғана екен.
Бизнесті субсидиялау тәсілі өзгереді
Биыл шағын және орта бизнеске арналған субсидия 900 млрд теңге көлемінде бөлінеді. Алайда бұл сома былтырғымен салыстырғанда 600 млрд-қа аз. Мұндай ақпарат үкіметтің ресми сайтында жарияланды. Бұдан былай шағын және орта кәсіпті субсидиялаудың жаңа тәсілдері қолданылады. Алғашқы үш жылда несие 8 пайыздық мөлшерлеме-мен бөлінсе, төртінші жылы онысы 9 пайызға, ал бесінші жылы 10 пайызға дейін ұлғаяды. Осылайша, бюджетке түсер салмақ азаяды. Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектісі біртіндеп қаржыландырудың нарықтық тәсіліне көшеді.
Айта кетейік, бүгінде ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 36,5 пайызға жеткен. Бұл секторда жұмыспен қамтылғандардың саны 10 пайызға өсті. Осылайша, 4 млн 300 мың қазақстандық, яғни еңбекке жарамды азаматтардың 45 пайызы шағын және орта бизнестің айналасында шоғырланған.
Шағын бизнес қолдауға зәру
Әйтсе де, көңілді күпті қылар бір жайт бар. Ол шағын бизнестің ашылмай жатып, жабылып қалуы. Ресми статистикаға сүйенсек, 70 пайызы жұмысын 10 жылға жеткізбей тоқтатады. Нарыққа талдау жүргізген Қазақстанның экономикалық зерттеу институты жуырда осындай тұжырым жасады. Қаңтарға дейін төрт мың шағын кәсіп жыл өтпей жабылып қалды. 6,5 мыңнан астамы 2 жылға жетер-жетпестей қызмет қылған. Тағы 31 мыңы 3-5 жылдың ішінде жұмысын тоқтатты. Осының бәрі 2024 жылдың басында жабылған заңды тұлғаның жартысын құрайды. Сараптама көрсеткендей, орта және ірі бизнестің дені 11-25 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Аға сарапшы Гүлнәз Қасымбаева бұны қолданыстағы мемлекеттік қолдау жүйесімен байланыстырады. Айтуынша, ісі біршама тұрақтанған бизнес жеңілдетілген субсидия және несиенің көмегімен ісін өрбіте береді. Ал кәсібін енді ғана ашқандарға қолдау жоқтың қасы.
Гүлнәз Қасымбаева, экономикалық зерттеулер институты бәсекелестік ортаны зерттеу орталығының аға сарапшысы:
- Шағын бизнес көбінесе жеке кәсіпкерлік субъхекиісі ретінде жүзеге асырылады. қызметкерлер саны орта есеппен бір-екі адамна тұрады. яғни, кәсіби есепші сияқты мамандар болмағандықтан, бастапқыда есептермен қиыншылықтар туындайды. Орта бизнесте көбіне әрі қарай даму үшін қаржылық қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік көмек әр бизнестің өмірлік цикліне, қажеттілігіне байланысты берілуі тиіс. Шағын кәсіпкерлерге қаржылай емес көмек, яғни оқу-әдістемелік, ақпараттық көмек берілсе, орта бизнеске қаржылай көмек яғни жеңілдетілген кредит, немесе инфрақұрылымдық қолдау көрсетілгені жөн.