Жылқы шаруашылығына қамқорлық қажет

Депутаттар осылай дейді. Кейінгі жылдары елде жылқы саны артқан еді. Бұл, әрине, істің жайын білгендіктің арқасы, екіншіден Үкіметтің де көмегі бар.

Былтырғы жыл соңындағы дерекке сүйенсек, елдегі жылқы саны 4 млн-нан асты. 2000-шы жылдары Қамбар ата түлігінің жалпы саны 1 млн-ға жетпегенін ескерсек, ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіш.

Дәл қазір қолда бар жылқыны қыстан аман алып шығу маңызды. Жақында орталық өңірлер – Ұлытау, Қарағанды облыстарында қылқұйрықты жануарлардың баудай түскені белгілі. Бұл мәселе Үкіметке жетіп, Мәжіліс депутаттары тарапынан да көтерілді. Негізгі мәселе – жем-шөп қорының аздығы дейді депутаттар.

Аманжол Әлтай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жер тапшылығы, жаңағы шабатын шөптің аздығы жыл сайын жердің тозуына байланысты бұл мәселе көлемі, ауқымы үлкейіп бара жатыр. Сондықтан да, қазіргі таңда мына Парламентте заң жобасын дайындап ұсындық қой. Бізден кетті. Енді, осы заң жобасында нақты нормалар бар. Cоған сай алдағы уақытта бір өзгерістер болатын шығар деп ойлаймын. Яғни, мына жайылым жерлерге байланысты. Сонда біз алдағы уақытта мына қолдан екпе шөптерге субсидия беруді қолға алмасақ, мына жыл сайын жұтаңданып бара жатқан, өңі кетіп бара жатқан жерден төрт түлік малға жеткілікті жем-шөп жинай аламыз деп айта алмаймын.

Қазір жылқының жайын Парламент қарап жатыр. Бұрын алты ай қыс далада жайылатын жануардың кейінгі жылдары қолға қарап қалғанын ескерсек, бұл мәселеге кешенді көзқарас қажет-ақ. Қысқы жем-шөбін, жазғы суатын сайламаса, жылқының күйі болмасы анық.

Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі күн райы қолайсыз демесеңіз, мал басы өсіп келе жатқанын айтады. Ширек ғасырға жуық уақытта дала төсін дүбірге бөлеген кесетұяқтылар саны 4 есе көбейген. Ел қолдағы жылқысын асылдандыруға ден қоя бастады. Бұл үшін мемлекет тарапынан қолдау бар.

Цитата:

«Жылқы шаруашылығын дамыту және қолдау үшін мемлекет тарапынан субсидиялау тетіктері қарастырылған. 2023 жылы жылқы шаруашылығын дамытуға шамамен 2,1 млрд теңге бөлінді. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына сәйкес, жылқы шаруашылығын қолдауға төмендегідей субсидиялау түрлері қарастырылған:

  1. Өнімділік бағытындағы асыл тұқымды тұқымдық айғырлардың сатып алынған әр басына – 100 мың теңге;
  2. Бие сүтін өндіру мен өңдеу құнын арзандату мақсатында сатып алынған әр килограмына – 60 теңге;
  3. Ауыл шаруашылығы жануарларының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандатуға жұмсалады».

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Жылқы саны 4 миллионнан асты

Айта кетейік, соңғысының көлемін – мал азығын дайындауға жұмсалатын шығындарды субсидиялау нормативін жергілікті атқарушы органдар бекітеді. Яғни, мал баққан ағайын қолға түскен қаржыны асыл тұқымды айғыр сатып алуға, бие сүтін өндіріп, өңдейтін цех ашуға және малдың жем-шөп шығындарына жұмсаған.

Қазір елде 240 мың асыл тұқымды жылқы бар. Ал халық, негізінен, қазақы жабы жылқы, мұғалжар, көшім мен адай тұқымдарын өсіреді. Жылқы саны бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Облыста 425 мың жылқы бар. Бұдан кейін Қарағанды, Абай, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстары тұр.

Жылқы саны /2023 жыл:

Барлығы – 4 млн

Түркістан облысы – 425 мың

Қарағанды облысы – 352 мың

Абай облысы – 322 мың

Ақтөбе облысы – 321 мың

Батыс Қазақстан облысы – 308 мың

4 мың тонна жылқы еті экспортталды

Қазақтың жылқысына сырттан сұраныс баршылық. Былтыр 2600-ден астам жылқыны Өзбекстан, Ресей мен Қырғызстаннан сатып алған. Басым бөлігі өзбек ағайындарға тиесілі. Бұдан бөлек, 4 мың тоннадан астам жылқы еті шекара асқан. Үкімет жылқы санын бұдан әрі арттыруға мүдделі. Бірақ, табиғаттың тосын мінезі бұл жоспарға кесірін тигізбеуі керек. Ақпанның ортасында Үкіметте өткен жиында Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин осылай деген еді: «Біздің міндетіміз – қолайсыз ауа райына байланысты мал басының азаюына жол бермеу. Үлкен жобаны іске қосамыз, ет өнімдері үшін кезең-кезеңмен экспорттық нарықтарды ашамыз, мал шаруашылығын дамыту жобаларын енгіземіз», деді вице-премьер.