Қазақстан Қытайға мал азығы экспортын арттырды

Отандық өнім бұрынғыдай шекараға жақын маңдағы округтерге емес, көрші елдің ішкі провинцияларына жөнелтіле бастады, деп хабарлайды 24kz.

Аспан асты елі қазақтың кондитерлік өнімдері мен сусындарына да қызығып отыр.

Ол жөнінде Қытайдағы меншікті тілшіміз Руслан Бақытбекұлынан білсек.

Диктор:

- Отандық өнімдер алпауыт елдің қандай аймақтарына тасымалданып жатыр? Бұл шараның артықшылығы неде? Қазақстандық тауарларға сұраныс қандай?

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қазақстан Қытайға 248 вагон құрама жем экспорттады. Тауардың алғашқы легі теміржол арқылы Сычуань провинциясына жетті. Бұған дейін отандық кәсіпкерлердің 80%-і өнімдерін тек шекараға жақын маңайдағы округтерге ғана жөнелтіп келді. Енді Қытай нарығы деп жалпылама қарамай, әр провинцияның сұранысы зерделенеді. Олармен жеке-жеке келіссөздер жүргізіледі.

Қазір Еліміздің Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне қарағанда, жаңа сауда стратегиясын қалыптастырылып жатыр. Бұл қос тарапқа да тиімді. Компанияларға делдалсыз, тұтынушыға тікелей шығуға мүмкіндік туады. Көрші мемлекеттің нарығы шексіз. Әсіресе, кондитерлік өнімдер, балмұздақ, тәтті сусындар, рапс майы сияқты табиғи сапалы өнімге сұраныс жоғары. Мәселен жөнелтілген 248 вагон құрама жем Қытайдың бір провинциясы тұтынатын тауардың 0,1%-ін де қамтымайды. Бұл теңізге тамшы тамызғандай. Өйткені Сычуань провинциясында 120 миллион халық тұрады. Ал бүкіл Қытайдың нарығын бағамдай беріңіз. Аталған аймақтың тұрғындары ежелден тамаққа рапс майын пайдаланады. Қанша көлемде болса да алуға дайын. Бизнес сарапшылар қазақстандық диқандарды осы сияқты сұранысқа ие, пайдасы мол өнім өндіруге бағыттау жолын қарастыру қажеттігін айтады.

Темірлан Жақыпбеков, Kaztrade компаниясының тәуелсіз директоры:

- Қазір министрлік экспортқа шығаруға болатын тауарлар тізімін жасап, рұқсат қағаздарын дайындап жатыр. Мұның келешегі зор. Біз өз тарапымыздан қазақстандық шаруалармен бірге жаңа механизм әзірлеп жатырмыз. Тамшылатып суару технологиясын енгізу, қоймамен қамтамасыз ету сияқты бірқатар кешенді шараларды жүзеге асыруға дайынбыз. Келер жылы тауар айналым арта түседі. Ең бастысы, Қытай тарапымен байланыс орнатылды.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қытайда етке сұраныс жоғары. Осы өнімге қатысты қызықты статистика бар. Жоғарыда айтылған Сычуань провинциясында бір ғана мейрамхана жылына 60 мың тонна ет тұтынады. Ал жергілікті халық жылына 1 миллиард қоян етін жейді екен. Бұл біздің ауылшаруашылығы саласындағы кәсіпкерлеріміз үшін ойланатын статистика. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен өзара сауданы 100 млрд АҚШ долларына жеткізуді тапсырған. Бұл бағытта жұмыстар ілгерілей бастады. Күні кеше ғана Сауда және интеграция министрлігінен делегация келіп 20 млн долларға келісімшарт жасалды. Биыл өткен жылмен салыстырғанда Қытайға экспорт 10%-ке өскен.