Биыл 10,9 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді

Елде сұйытылған мұнай газына сұраныс жыл санап өсіп келеді. Сондай-ақ алдағы 10 жылда ішкі нарыққа қосымша 2 млн тонна дизель отыны қажет болады. Осы мақсатта Үкімет қандай жұмыстарды қолға алды?

Иә, ауқымды жобалар бар. Мәселен, елдегі мұнай өңдеу зауыттарында іргелі жобалар іске асырылады.

Энергетика министрлігінің болжамы бойынша биыл елде 11 млн тоннаға жуық жеңіл мұнай өнімдері өндіріледі. Оның ішінде 5 млн тоннадан аса бензин, 6 мың тонна авиаотын және 5 млн 200 мың тонна дизель отыны бар.

Сондай-ақ ішкі нарықта тапшылық туындамауы үшін Қазақстан мен Ресейдің Энергетика министрліктері арасындағы индикативтік теңгерімге сәйкес 1 млн тонна өнім импорттау көзделіп отыр. Мұның 285 мың тоннасы – бензин, 300 мың тоннасы – авиаотын және 450 мың тоннасы – дизель отыны.

Мұнай өнімдерін өндіру көлемі екі есе өседі

Алдағы 8 жылда мұнай өнімдерін өндіру көлемі екі есеге ұлғаяды. 2032 жылы елде 19 млн тонна өнім өндіріледі. Осылайша, импорт тоқтатылып, өнімнің кемінде 10%-ін экспорттауға жол ашылады. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, келешекте жеңіл мұнай өнімдері тапшылығының алдын алу үшін қазірден бастап қамдану қажет. Іргелі жобаларды жүзеге асыру керек.

«2030-2036 жылдар аралығында дизель отынына сұраныс жылына қосымша 2 млн тоннаға артады. Салдарынан 2050 жылға қарай 0,2 млн тонна тапшылық туындауы мүмкін. 2036 жылдан бастап жеңіл мұнай өнімдері тапшылығы болмауы үшін жылына 10 млн тонна мұнай өңдейтін зауыт құрылысын 2032 жылы бастау қажет. Жаңа зауыт 2040 жылдан 2050 жылға дейін елдің жанар-жағармай қажеттілігін жабады және оны Орталық, Оңтүстік және Оңтүстік-Батыс Азияның қарқынды дамып келе жатқан нарықтарына экспорттауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ 2028-2030 жылдар аралығында жанар-жағармайдың ықтимал импортына байланысты өндіріс-тұтыну теңгерімдерін үнемі жаңартып отыру керек», – Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі.

 

Зауыттар қуаты артады

Министрдің сөзіне сүйенсек, нарықтағы сұранысты жабатын бірнеше жоба жақын жылдары қолға алынбақ. Мәселен, Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты 2030 жылға қарай 2 есе артып, 12 млн тонна мұнай өңдейді. Зауытқа қажетті шикізатты жеткізу үшін Атырау – Кеңқияқ, Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларымен тасымалданатын өнім көлемі ұлғаяды. Павлодардағы зауытта 2026 жылға дейін 500 мың қысқы дизель отынын өндіру бойынша жоба іске асады. Жобаның алғашқы кезеңінде жылына 6 млн тонна мұнай өңделсе, екінші кезеңде 8 млн тоннаға жетеді. Сонымен қатар Атыраудағы мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын 2028 жылға дейін 5,5 млн тоннадан 6 млн 700 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

 

2032 жылы 4,2 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндіріледі

Сұйытылған мұнай газына да сұраныс жыл санап өсіп келеді. Биылғы 10 айда 2,5 млн тонна газ өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4%-ке артық. Нарықты тұрақтандыру үшін былтыр қарашада мұнай газын ел аумағынан шығаруға тыйым салынған еді. Бүгінде жауапты министрлік тарапынан жаңа кәсіпорындарды іске қосу жұмыстары қолға алынды.

«2032 жылға қарай сұйытылған мұнай газын өндіру көлемін 4,2 млн тоннаға дейін жеткізу бойынша шаралар қабылданды. Мәселен, жыл басынан бастап Рожсковское кен орнынан өндірілетін өнім көлемін ай сайын 6 мың тоннаға ұлғайту қолға алынды. 2025 жылдан бастап «ҚазГерМұнай» зауытының қуатын қосымша 60 мың тоннаға арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ 2026 жылы Қашағанда, 2028 жылы Қарашығанақта газ өңдеу зауыттарын тұрғызу жоспары жасалды», – Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі.

 

Биыл 68,8 млн тонна мұнай экспортталады

Қазақстан биыл 70 млн тоннаға жуық мұнай экспорттайды. Ал өндіріс көлемін 90 млн тоннаға жеткізу көзделген еді. Алайда бұл межеге жетпейді деген болжам бар. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, өндіріс қарқынының төмендеуіне бірнеше фактор әсер етті.

«10 айда 73,5 млн тонна мұнай өндірілді. Жыл соңына дейін өндіріс көлемі 88,4 млн тоннаға жетеді деген болжам бар. Өндіріс қарқыны ірі кеніштердегі күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты төмендеді. Теңіз кен орнында 50 күн, Қашағанда 28 күн жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар өндіріс көлемінің азаюына Қарашығанақ кен орнындағы жоспардан тыс тоқтаулар мен Орынбор газ өңдеу зауытының газ қабылдауды шектеуі әсер етті. Бұдан бөлек, ОПЕК+ келісімі шеңберіндегі міндеттемелер бойынша да өндірісті кемітуге мәжбүр болдық», – Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі.

 

Валюта бағамы

Кейінгі уақытта доллар айтарлықтай қымбаттады. Ұлттық банк бекіткен бағам бойынша доллардың құны 524 теңге 58 тиын. Ал еуро 551 теңге 91 тиынға бағаланып отыр. Сондай-ақ рубльдің бағасы 5 теңгеге жуықтаса, Қытай юані 72 теңге 13 тиын.