2024 жылы тұрғын үй құрылысы рекордтық көрсеткішке жетті

2024 жылы тұрғын үй құрылысы рекордтық көрсеткішке жетті

Биыл елде құрылыс көлемі ұлғайып, баспаналы болған азаматтардың қатары артты, деп хабарлайды 24KZ. Үкімет отырысында саланы дамыту мәселесі де жан-жақты қаралды. Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін жаңадан 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндетін қойған. «Бұл міндет жүйелі негізде және кезең-кезеңмен орындалуға тиіс», – деді Олжас Бектенов. Үкімет  құрылыс секторын одан әрі ынталандыру мақсатында қосымша шаралар қабылдады.

Кейінгі жылдары тұрғын үй саясатын реформалау жайы жиі айтылып келеді. Ол үшін арнайы заң да әзірленіп, қабылданды. Әрине, бұның бәрі баспанасыз жүрген халықты үй-жаймен қамтудың қамы. Биыл Үкімет қосымша ынталандыру шараларын іске қосты. Алайда Үкімет басшысының айтуынша, бұл қолдау құралдарының барлығы бірдей тиімді әрі толыққанды қолданылып отырған жоқ. Алдымен баспана кезегін күткендердің тізімін қайта қарау тапсырылған.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Маңызды міндет – баспана кезегінде тұрғандардың қолданыстағы тізімін жаңарту. Мен тізімдерді түгендеп, бір жүйеге келтіруді тапсырған болатынмын. Бірақ бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Сондықтан оны тездету керек. Баспана кезегінде шынымен мұқтаж азаматтар ғана болу керек.

Сонымен биыл елде 18 млн шаршы метр тұрғын үй бой көтереді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 44%-ке жоғары және құрылыс саласындағы рекорд саналады. 11 айда өңірлерде 16,3 млн шаршы метр үй салынды. Жыл соңына дейін тағы 1,7 млн шаршы метрі тапсырылады. Биыл баспана құрылысына қаржыландырудың барлық көзі есебінен 965 млрд теңге қарастырылған. Бұл 160 мыңнан астам тұрғынның қоныстойын тойлауына мүмкіндік береді.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

- Осал топтарға қолжетімді құралдарды ұсынуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Биыл мемлекеттік қаражат есебінен 22 мыңнан астам жалдамалы пәтер сатып алу үшін 336 миллиардқа жуық теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін 165 млрд теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздар шығару арқылы 10 мыңнан астам кредиттік тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен ипотекалық несие рәсімдеуге мүмкіндік артты. Осы жылдың мамыр айында іске қосылған «Наурыз» жаңа тұрғын үй бағдарламасын 1 желтоқсанға дейін 6600-ден астам адам пайдаланып, өз баспанасының кілтін иеленді.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:

- «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары бойынша 68 700 ұсыным берілді. келесі жылы бағдарламаға қатысушылардың депозитін 2 млн теңге болуын ұсынамыз. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыруды тездетеді. 2025 жылы «Наурыз» бағдарламасын табысты жүзеге асыру үшін бюджеттен қаржы бөлу процесін тездетуді ұсынамыз. Аталған бағдарлама жас отбасылар арасында сұранысқа ие.

Құрылыс көлемі ұлғаюмен қатар сапа да назардан тыс қалмауы керек. Ереже бұзу, тапсыру мерзімін кешіктіруге қатысты шағымдар азаймай тұр. Премьер-министр жаңа Құрылыс кодексінің жобасында бақылауды күшейту, саланы цифрландыру шаралары көзделгенін айтты. Сондай-ақ бұдан былай азаматтар үшін түрлі тәуекелдің алдын алу мақсатында үлестік құрылысқа қатысты шартқа отыру тетігі енгізіледі.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Тағы бір өткір проблема үлестік құрылыстағы заң бұзушылық болып отыр. Көптеген құрылыс компаниялары заң талаптарын айналып өтіп, үлескерлердің қаражатын тартуды жалғастырып келеді. Олармен ешқандай кепілдік берместен шартқа отырады. Министрлік депутаттармен бірге үлескерлер қаражатын тарту ісіне бақылауды күшейту нормаларын сапалы пысықтауы қажет.

Алдағы 5 жылда еліміздің құрылыс саласына 200 мыңнан астам маман қажет. Жауапты министрліктер кадр даярлау мәселесіне қазірден бастап қамдануы қажет. Құрылыс саласында отандық материалдардың үлесін көбейту көзделеді. Жаңа ипотекалық бағдарламалар елдегі тұрғын үй құрылысының артуына серпін берді. Бүгінде бұл саланың ел экономикасындағы үлесі 5,6%-ті құрайды. Құрылыс саласында 53 мың кәсіпорын, 670 мың адам еңбек етеді.

Авторлары: Рухани Әбдірахман, Абдулхамит Бөлекпаев.