Отандық тауар өндірушілерді маңызды өзгеріс күтіп тұр
Бұл ең алдымен салаға серпін береді. Екіншіден, соңғы 6 жылдың ішінде 70 мыңға жуық CT-KZ сертификаты мен 1,5 мыңнан астам индустриялық сертификат тауар өндірушілерге берілді, деп хабарлайды 24kz.
Бірақ прокуратура органдары 200-ден астам сертификаттың сәйкес келмейтіндігін анықтаған. Дегенмен депутаттар жалған құжаттардың саны көп болуы да мүмкін деп отыр. Сондықтан мұндай кейбір заңнамалық актілерге өзгерістерді енгізудің маңызы бар деп айта аламыз. Егер Парламентте тиісті түзетулер қабылданса, онда отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі іске қосылып, осындай олқылықтардың жолы келісілетіні анық.
Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Көптеген жалған тауар өндірушілер осы мемлекеттік сатып алуға қатысып, өздерінің шетелден шыққан тауарлары болсын, жабдықтары болсын, барлығын «қазақстандық» деп, СТ-КЗ алып немесе индустриялық сертификат алып қатысып жатқандары құпия емес. Сондықтан бұл жерде тауар өндірушілердің тізімі енгізіліп жатқан осы заң жобасында, менің ойымша, осыған тосқауыл қояды.
Бұған дейін тауар өндірушілерге сертификаттарды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы беріп келген. Бүгінгі талқыланған құжат бойынша бұл өзгеріссіз қалады ма?
Жалпы сертификат деп отырғанымыз – ол тауардың шығу тегін, қай елдің өнімі екенін көрсететін құжат. Бұған дейін оны табыстайтын жауапты мекеме – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы болып бекітілген. Алайда сертификатты алу үшін әрбір кәсіпкер белгілі бір сомада шығындалуы тиіс еді. Бірақ бірыңғай реестрге сәйкес, бәрі өзгереді. Енді ешқандай сертификаттың қажеті болмайды. Себебі барлығы бір тізілімнің ішіне жинақталады. Ал оларды тіркеу – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жүктеледі. Енді сол тізілімнің ішінен табылуы үшін тауар өндіруші әуелі өтінім беруі керек. Ол кезең толық цифрлық форматта өтеді. Екіншіден, өндірісте орындалатын технологиялық операциялардың саны бойынша бағалау жүргізіледі. Қазір екі кезеңді іске асыратын базаны салалық мемлекеттік органдар әзірлеп жатыр.
Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл жай жаңашылдық қана емес, ашықтыққа, тиімділікке және нақты кәсіпорындарды қолдауға бағытталған реформаның негізгі элементі. Сондай-ақ жаңа жүйе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға септігін тигізеді. Тіпті саладағы бюрократиядан арылуға да жол ашады.
Ең алдымен бұл – әділ бәсекелестік. Бірыңғай реестр қазақстандық тауар өндірушілерді дұрыс сәйкестендіру шарасын жүзеге асырады. Сөйтіп, тізілімде бар тауар өндірушілер ғана мемлекеттік сатып алуларға қатыса алады.
Айдар Қожахметов, «Qazindustry» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Бұл реестрдің негізгі мақсаты – реттелетін сатып алуларды тек қана осы біздің отандық, шынайы отандық тауар өндірушілерге қатысуға мүмкіндік беру. Және осы реестрге енгізілген өндірушілер мемлекеттік көмекке жүшгінетін кезде осыған қаралатын болады. Бірден бір критерий – осы реестрде болу есептеледі.
Дәл қазіргі қазақстандық тауар өндірушілердің іске асып тұрған сертификаттары келер жылдың қаңтар айында күшін жояды. Ал жаңа реестрдің өзі биылғы жылдың соңына дейін іске қосылады.