Әлемдік инфляцияның өсуі Қазақстанға қалай әсер етеді?

Былтыр әлемнің бірқатар елінде инфляция қарқыны едәуір бәсеңдеді, деп хабарлайды 24KZ. Азық-түлік, энергетикалық шикізат бағасы аса құбылған жоқ. Орталық банктер қатаң ақша-несие саясатын жалғастырды. Бірақ әлемнің бірінші экономикасы саналатын АҚШ-та Дональд Трамп президент болғалы өзгерістер басталды.

«Ақ үй басшысының алюминий, болат, көлік импортына 25% баж салығын салуы әлемдік инфляцияның өсуіне әкелуі мүмкін», – дейді қаржыгерлер. Ал мұның салдары Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін?

АҚШ-та ақпан айында баға 0,2%-ке өсті. Бұл алдыңғы аймен салыстырғанда аз. Қаңтарда өсім 0,5% құраған еді. Дегенмен сарапшылар инфляцияның қарқыны уақытша баяулады деп санайды. Айтуларынша, Дональд Трамптың сыртқы сауда саясатынан елдегі баға қайта шарықтап шыға келуі мүмкін. «Ал мұның салдары Құрама Штаттар экономикасына соққы болары сөзсіз», – дейді білікті қаржыгерлер.

Сэм Стовалл, CFRA Research компаниясының инвестициялар бойынша бас сарапшысы:

- 2024 жылға баға берсек, АҚШ-тың жалпы ішкі өнімінің өсімі 2,8% болады деп топшылап отырмыз. Ал 2025 жылы Америка экономикасы біз ойлағандай өсім көрсетпеуі мүмкін. Биыл елдегі экономикалық даму баяулап, бұл көрсеткіш 2,2%-ке дейін түседі.

Өткен айда АҚШ-та жылдық инфляция 2,8% болды. Ал Федералдық Резерв жүйесі оның деңгейін 2%-ке дейін азайтуды көздеп отыр. Демек құнсыздануды тежеу үшін несие мөлшерлемесін көтеруге тура келеді. Айналымдағы ақша массасының үлесі азайса, инфляцияны ауыздықтау да оңай болмақ. Алайда елде қарызға арзан ақша алу қиындаса, жаңа жұмыс орындары ашылмай, бизнес тұралап, экономиканың әлсіреуіне әкеледі. Сондықтан наурыз айында Федералдық резерв жүйесі базалық мөлшерлемені өзгертпеді.

Сэм Стовалл, CFRA Research компаниясының инвестициялар бойынша бас сарапшысы:

- Экономикалық өсім тұралап, бағаның өсуі тоқтамай тұр. Инвесторлар бұған қатты алаңдаулы. Сыртқы саудаға қатысты кикілжіңдер тағы бар. Мұның бәрі қор нарығын құбылтып тұр. Жалпы құнды қағаздар құны жыл соңына дейін бір түсіп, бір көтеріліп, тұрақсыз болады. Десе де жылдық табыс 10%-тік көрсеткішпен қорытындылануы мүмкін.

Әлемде саяси ахуал тұрақсыз. Осы ретте Еуроодақ қорғанысты күшейтуге көшті. Бес қаруын сайлап, салаға қомақты қаржы бағыттай бастады. «Бұл еуро аймақтағы экономикалық өсімді жылдамдатқанымен, инфляцияның өсуіне әкелуі мүмкін», – дейді Еуропаның бас банкирі.

Кристин Лагард, Еуропалық орталық банк президенті:

- Екі бірдей экономикалық қатерге ұшырап отырмыз. АҚШ-пен саудаға қатысты кикілжің және қорғаныс саласында ақшаның тым көбейіп кетуі инфляцияны шарықтатып жіберуі мүмкін. Десе де Трамптың сауда саясаты Америка нарығынан Қытайды ығыстырса, олар Еуропаға ағылады. Бұл инфляция қарқынын едәуір бәсеңдетуге сеп болуы мүмкін.

Түркияда инфляция қарқыны қатты. Соңғы рет көрсеткіш 39% құрады. Ел билігі жылдың соңына дейін оның деңгейін 24%-ке дейін азайтуды жоспарлап отыр. Иә, жаһан экономикасы аумалы-төкпелі болып тұр.

Ал Қазақстан – сол әлемнің белсенді мүшесі. Демек әлемдік үрдіс бізді айналып өтпесі анық. Сондықтан оған төтеп берудің тетігі қандай? 

Бауыржан Ысқақ, экономика  ғылымдарының кандидаты:

- Біздің импортқа тәуелділігімізді азайту керек. Яғни дайын өнімдерді шығару арқылы осы инфляцияның алдын аламыз. Ұлттық валютаны тұрақтандыру. Яғни біздегі теңгені құнсыздандырмау үшін алтын валюталық резервті тиімді пайдалануымыз керек және валюталық интервенциялар. Бірақ оны тұрақты түрде жасауға қарсымын. Өйткені ол тек қана қысқа мерзімді эффект береді. Ал ол ұлттық қордағы қаражаттың көп мөлшерде алынуына әсерін тигізеді. Ал алтын валюта резервті осы экономикаға тиімді пайдаланса, бұл инфляцияны алдын алудың тетіктерінің бірі.

Қазақстанда ең алдымен монетарлық саясатты күшейтуге ден қойылған. Ұлттық банк әр тоқсан сайын базалық мөлшерлемені көтеріп келеді. «Бұл өз кезегінде теңге тұрақтылығын және бағаны тежеуге мүмкіндік береді», – дейді сарапшылар. 

Авторы: Зайнұр Байжігіт