Кен орындарына автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылып жатыр
Теңіздегі кен орындарына автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылып жатыр.
Осылайша экологиялық талаптардың сақталуы қадағаланбақ. Бұның сыртында жыл сайын тексеріс жүргізіледі. Сала министрлігі екі мұнай компаниясына 15 млрд теңге айыппұл салған. Қоршаған ортаны қорғау бағытындағы іс-шаралардың нәтижесі жайлы тілшіміздің материалында.
Теңізде төтенше жағдай болса төтеп беру мүмкін бе? Өзекті мәселе. Бірақ қазір елде ондай құрылым да, құзырет те, құрал да жоқ. Ал әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар. Тіпті Каспий маңы елдері соған жүгінеді. Енді «ештен кеш жақсы» демекші Парламент «Азаматтық қорғау» заңын қарап жатыр. Құжатқа «мұнайдың төгілуін жою бойынша уәкілетті органның теңіз ұйымы» деген норма енгізілген. Осылайша жоғарыда аталған олқылықтар жойылуы тиіс. Соған қарамастан экология министрлігі жыл сайын қызметі Каспиймен байланысты кәсіпорындарға тексеріс жүргізеді.
Назия Жолатқызы, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бас сарапшысы:
- Жалпы сомасы 15 млрд тг аса айыппұл салынып, өндірілген. Атап айтсақ, НКОК компаниясына қатысты 12 млрд тг сомасында айыппұл салынып, өндірілген болатын. Сондай-ақ ТШО ЖШС-на қатысты тексеру жүргізіліп, 2,8 млрд тг көлемінде айыппұл салынып, өндірілді.
Алайда бұл айыппұл аз. Бұдан алып мұнай компанияларының мұрты да қисаймайды. Экологиялық талаптарды сақтамағаны үшін өндірілетін ақша да өнімді болуы тиіс.
Сергей Пономарев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұл күлкілі сома. Өте аз. Негізі жүздеген млрд, тіпті триллиондар болу керек. Өйткені, мұнай ондаған жылдар бойы игеріліп жатыр. Әлбетте біз қазір мұнай өндірушілермен келісім-шарт мазмұнын аша алмаймыз. Себебі о баста солай мақұлданған. Комерциялық құпия. Бірақ біз ең кемі эколгиялық келісім шартты ашып көрсетуін сұрап отырмыз.
Құпия ашылғаннан соң амал-тәсіл өзгерер. Бірақ қазір кен орындарының бұрғы, ұңғы сияқты негізі құрылғыларына автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылып жатыр. Яғни экологиялық талап бұзылса сол мезетте мәлімет кеп түседі. Бастысы ғылымды күшейтіп, эколог мамандардың мәртебесін көтеріп, олардың жауапкершілігін арттыру да күрмеуі шешілмеген мәселе.
Нысаналы Ығыл, Өрден Жарқын