Желден қуат өндіру әлеуеті зор
Қазақстан мұнай мен газға бай. Көмір де мол. Сондықтан энергетикалық қауіпсіздікке алаңдауға еш негіз жоқ деуге болады. Бірақ экономиканың қазіргі қарқынына қарасақ, келешекте бүгінгі әлеуетіміз түкке жарамай қалуы мүмкін.
Энергетика министрлігінің болжамына сүйенсек, бес жылда энергия тапшылығы 6 гигаватқа жетеді. Бұдан бөлек, Қазақстан он жыл бұрын Париж келісіміне қосылып, парниктік газдар шығаруды азайтуға міндеттелді. Яғни бұл келісім бойынша 2030 жылға қарай елдегі зиянды түтін көлемі 1990-шы жылмен салыстырғанда 15 пайызға кемуге тиіс.
Бұл келісімді орындаудың жалғыз жолы – дәстүрлі отыннан бас тартып, жаңартылатын энергия көздерін көбейту. Діттеген мақсатқа қалай жетеміз?
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- 25 жылда елдегі энергияның жартысын жаңартылатын қуат көздері беруге тиіс. Яғни 2050 жылға қарай жел, күн мен судан алынатын қуат көлемі 50 пайызға жетуі қажет. Ал 2030 жылға таман 15 пайызды еңсеруге міндетті. (АЛЬФА) Қазір бұлардың үлесі 7 пайызға жуықтады. Елде 156 станция бар. Былтыр 8 станция іске қосылса, биыл 9 жобаны жүзеге асыру көзделген.
Желден көптеп энергия өндіруге мүмкіндік бар. Ол энергияны елдің кез келген аймағына оңай жеткізуге болады. Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, жел электр станцияларын батыста – Каспий маңында, ал, оңтүстік пен шығыста Шелек дәлізі мен Жоңғар қақпасында тұрғызуға болады. Турбиналар жұмысы үшін желдің жылдамдығы секундына 5 метрден асуы қажет. Жоғарыда аталған жерлерде жел тұрақты түрде соғып тұрады. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің сараптамасы көрсеткендей, Қазақстанда жылына кемінде 920 млрд кВт/сағатты желден алуға болады.
Рүстем Қыдырбеков, ҚР ЭМ Жаңартылатын энергия көздері департаменті директорының орынбасары:
- Жел энергетикасы түріне қызығушылық өте жоғары танытады бізде инвесторлар. Біздің жалпы территориямыз әлемде 9-шы орындағы мемлекет болып табылғандықтан, Қазақстанның барлық өңірлерінде желдің әлеуеті өте жоғары. Мысалы, оңтүстікте, Жамбыл облысында біз екі ірі жоба іске асыратын боламыз. Бұл аукционнан бөлек, осы үкіметаралық келісім шеңберінде екі, “Масдар” компаниясы 1 гигаваттық жел электр станциясын салады. “Тотал” компаниясы Франциядан.
Күннен мол қуат алуға болады
Сонымен қатар күн энергиясын өндіру мүмкіндігі жоғары. Әсіресе, оңтүстікте күн станцияларын көптеп салуға болады. Өйткені, бұл өңірлерде көбіне аспан ашық. Жылына 3 мың сағаттан аса күн сәулесін төгіп тұрады. Яғни әлемдегі ыстық елдер деңгейінде энергия өндіруге жол ашады. Мамандар күн станцияларын салуға ең қолайлы аймақ ретінде Арал өңірін атап отыр. Қазір Қызылорда облысында 9 күн станциясы бар. Тағы бірнешеуі салынып жатыр. Бұлардың арасында шетелдік компаниялармен қатар, отандық инвесторлар да бар. Жалпы, шетелден қаржы тарту мақсатында жыл сайын аукциондық сауда-саттық өткізіліп, оларды қолдау қарастырылған. Осы кезге дейін салаға 14 елден 260-тан астам компания тартылды.
Рүстем Қыдырбеков, ҚР ЭМ Жаңартылатын энергия көздері департаменті директорының орынбасары:
- Аукциондардың жеңімпаздарына бізде мемлекет тарапынан заңды түрде бекітілген қолдау шаралары көзделген. Ол 20 жыл бойы кепілді түрде электр энергиясын сатып алу, аукционда анықталға тарифтерді жыл сайын индексациялаймыз және де приоритетті түрде диспетчеризация деген болады электр энергиясын. Және де осы Кәсіпкерлік кодекске сәйкес көптеген преференциялар көзделген.
91 жаңартылатын қуат көзі іске қосылады
Қазір елде 91 жоба жүзеге асып жатыр. Олардың ішінде 20 жел, 9 күн, 58 шағын су станциясы және 4 биогаз станциясы бар. Жалпы қуаты 2 мың мегаваттан асады.
Жаңа кәсіпорындар арқасында жүздеген жұмыс орны ашылады. Жалпы, әлемде жыл санап жаңартылатын энергия саласында еңбек ететіндер көбейіп келеді. Былтыр олардың саны 16 млн-нан асты. Жартысы Қытайға тиесілі. Ал біздің елде 2 мыңнан астам адам салада тер төгіп жүр. Дегенмен 2030 жылға дейінгі жоспар ауқымды. 90-нан астам жоба жүзеге асқанда 12 мың адам жұмысқа тартылады.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Қанат Махмұтов