Жыл басынан бері ЖІӨ 6,5%-ға өсті

Үкімет 2029 жылға қарай экономика көлемін екі есеге ұлғайтуды көздеп отыр.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мәлімдеді. Жыл басынан бері жалпы ішкі өнім 6 жарым пайызға ұлғайған.

 Атап айтқанда, көлік саласында 21,5 пайыз, құрылыста 18, тау кен өнеркәсібінде 9,6 ал өңдеу секторында 6 жарым пайыздық өсім бар.  

Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 11,5 триллион теңгеге жетті. Қаржы және сақтандыру қызметі, білім беру, мәдениет және энергиямен жабдықтау сынды салаларда да инвестиция көлемі артқан. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 6,6 миллиард долларға жетті.

Көлік саласы 21,5%

Құрылыс саласы 18,1%

Тау-кен өндірісі 9,6%

Өңдеу өнеркәсібі 6,5% 

Арман Қасенов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:

- Үкімет айқындаған даму әлеуеті жоғары компаниялар жаңа инвестициялық циклдің негізгі инвесторлары бола алады. Бұл жаһандық бәсекеге қабілеттілігі бар салалар. Атап айтқанда, машина жасау, мұнай-газ-химия, жаңартылатын энергия көздері, агроөнеркәсіп кешені және жоғары деңгейде қайта бөлу металлургиясы сынды бағыттарды қарастырамыз.