О. Бектенов Минскіде «Иннопром. Беларусь» өнеркәсіп көрмесіне қатысты

Премьер-министр Минскіде «Иннопром. Беларусь» халықаралық өнеркәсіп көрмесіне қатысты.

Олжас Бектенов «Жаңа технологиялар одағы: болашақ өнеркәсіпті құру» тақырыбындағы пленарлық сессияда сөз сөйледі. Ол Мемлекет басшысының стратегиялық көзқарасы инновациялық және цифрлық экономиканы қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Осы орайда өңдеу өнеркәсібінде инновациялық шешімдерді қолданатын компаниялар саны 3 жарым есе артқанын айтты. Тау-кен металлургия кешенінде пилотсыз технологиялар, жерасты радиобайланыс және роботтандыру жүйелері енгізіліп жатыр. Ал мұнай-газ саласында  OilTrack, «Цифрлық келісім-шарт сынды автоматтандырылған платформалар қолданылады. Машина жасауда штаттан тыс жағдайларға жедел ден қою орталықтары құрылды. Сапаны бақылау үшін компьютерлік көру жүйелері мен «цифрлық егіздер» орнатылды. Сондай-ақ Премьер-министр Қазақстанда жасанды интеллект инфрақұрылымы дамып жатқанын, Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер іске қосылғанын жеткізді. Инновациялық экожүйенің маңызды буыны Алматы облысындағы жаңа қала – Alatau City болады. Оған қоса кадр даярлау, халықаралық серіктестік мәселелері мен кооперациялық жобалар талқыланды. Қазақстан Ресей және Беларусь компанияларымен бірлесіп комбайн кабиналарын шығару жобасын жүзеге асырып жатыр. Одан бөлек, трансшекаралық үдерістерді жеңілдету және жеткізу тізбегіне цифрлық мониторинг енгізу арқылы орнықты логистика мен экспортты дамыту қолға алынған. Көрме аясында қазақстандық павильонда машина жасау, химия және құрылыс салаларындағы жиырмадан астам кәсіпорынның өнімдері көрсетілді. 

Олжас Бектенов,  ҚР Премьер-министрі:

- Жаһандық ахуалдың өрбу тұрғысынан алғанда жаңа технологиялар салалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және азаматтарымыздың өмір сүру сапасына оң әсер етеді. Қазақстан Президентінің бұл мәселеге баса көңіл бөлетіні де сондықтан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйектегі халыққа Жолдауында жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу стратегиялық міндет екенін атап өтті. Біз деректерді өңдеу орталықтарын, сенімді байланыс арналарын және заманауи технопарктерді қамтитын цифрлық архитектураны қалыптастырып жатырмыз.