Транзиттік тасымал әлеуеті артады
Алдағы 5 жылда 7 мыңнан аса жаңа жаңа вагон сатып алынады.
Бұл жүк тасымалының көлемін көбейтіп, жеңілдетуге әрі жеделдетуге мүмкіндік жасамақ. Қазірдің өзінде Қазақстанда 300-ден астам теміржол операторы жұмыс істейді. Олардың қол астында 142 мың жүк вагоны бар. Бұл қазіргі жүк тасымалының қажеттілігін толық қамтып отыр. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының үлесі – 41%. Вагондар әлеуметтік маңызы бар бағыттарда белсенді қолданылып келеді. Саладағы атқарылып жатқан ауқымды жобалар еліміздің транзиттік тасымал көлемін арттыруға бағытталған. Бұл көрсеткіш 2029 жылға дейін 67 млн тоннаға жетеді деп күтіліп отыр. Қазақстан бүгінгі күнде халықаралық транзиттік хаб ретіндегі мәртебесін нақты бекітті. Біздің ел арқылы 5 халықаралық теміржол дәлізі өтеді. Соңғы 10 жылда транзит көлемі екі есеге өсіп, 2024 жылы 27,4 млн тоннаға жеткен.
Нұрлан Сауранбаев, ҚР көлік министрі:
- 2029 жылға дейін 7000-нан астам жаңа вагондар сатып алынады. Бұл жүк тасымалының өсіп келе жатқан әлеуетін сақтап дамытуға мүмкіндік береді.