Қазақстан-Ресей тауар айналымы $30 млрд жетуге тиіс
Қазақстан мен Ресей өзара тауар айналымы 30 млрд долларға жетуге тиіс. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты.
Қазір екі ел 30 жобаны бірлесе жүзеге асырып жатыр. Олардың жалпы құны 4,4 млрд доллар. Соның арқасында 12 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Жобалар сан түрлі саланы қамтып отыр. Яғни энергетика, машина жасау, металлургия, химия және ауыл шаруашылығы салаларында тығыз әріптестік жолға қойылған.
Сондай-ақ болашақта тағы 29 жоба қолға алынады. Құны 30 млрд доллардан асатын бұл жобалар шеңберінде 23 мыңнан астам адам жұмысқа орналасады. Бұдан бөлек кадр даярлауда да бірлесе жұмыс жүргізуді жалғастырады.
«Әр жобаның артында нақты адам, нақты мамандық тұр. Елімізде былтырдан бері 2030 жылға дейінгі еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Тұжырымдама аясында 2030 жылға қарай кемінде 3,8 миллион сапалы жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Бұл еңбекпен қамтылған халықтың 45%-і. Сонымен қатар кадр даярлаудағы әріптестікті күшейтуге күш саламыз. Қазір Ресей жоғары оқу орындарында 55 мыңнан астам қазақстандық білім алса, Қазақстанда екі мыңнан астам Ресей азаматы оқиды» — Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі.