М. Әшімбаев: Қаржылық бақылау тетігі тиімсіз

Квазимемлекеттік компаниялардың есепшоты көлемді қаржымен толығуына қарамастан, оларға бюджеттен қосымша қомақты қаржы бөлінеді.

Алайда қаражатты тиімді пайдалану мәселесі көңіл көншітпей тұр. Отырыста Сенат төрағасы, пара-фискалдық төлемдерді жинау мен пайдалану тетіктерінің ашық еместігін айтты. Мәулен Әшімбаев бұл қаражатты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірлердің қажеттілігіне жұмсауға болатынын жеткізді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Мәселен, соңғы 2 жылда «ҚазАвтоЖол» компаниясына 130 миллиард теңге түссе, «Жасыл Даму» компаниясының есепшоты 600 млрд-қа толықты. Бүгін қаралған бюджеттік құжатқа үңілсек, келесі жылы да осы мекемелерге қаржы бөлінетіні көрсетілген. Бұл тұста «Неге қосымша қаражат қарастырамыз?» деген сұрақ туындайды. Бұдан бөлек компаниялардың шығысын бақылау ретсіз жүргізіледі. Демек парламенттік және қаржылық бақылау тетігі әлі де тиімсіз. Келер жылы жұмыс барысында аталған жағдайды ескеріп, тиісті шешім қабылдау қажет деп есептеймін.