Мемлекеттік бюджет кірісі тоғыз айда 20,2 трлн теңгеге жетті
Қазақстанда биылғы тоғыз айда мемлекеттік бюджет кірісі 20,2 трлн теңгеге жетті. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсім 2,8 трлн теңгеге көбейген. Бюджет қаражаты әлеуметтік міндеттемелерді орындауға, өңірлерді қолдауға және экономиканы дамытуға бағытталып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Министрдің айтуынша, кірістің өсуіне салық түсімдерінің артуы да әсер еткен. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда салықтан түскен қаражат 3 трлн теңгеге көбейген.
«Трансферттерді есептемегенде мемлекеттік бюджеттің кірісі 20,2 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсімдер 16,3%-ға немесе 2,8 трлн теңгеге өсті. Бұл ретте, өткен жылмен салыстырғанда салық түсімдері 3 трлн теңгеге өсті, өсу қарқыны – 130,3%», — деп баяндады Мәди Такиев.
Есепті кезеңде бизнеске 811,5 млрд теңге қосылған құн салығы қайтарылды. Ал кедендік төлемдер 3,9 трлн теңгеге жетті. Үшінші елдермен сауда көлемі де ұлғайып, 14,3%-ға өсті. Оның ішінде экспорт 22,5%-ға артса, импорт 1,4%-ға көбейген.
Бюджет қаражатының едәуір бөлігі халықтың әлеуметтік қажеттіліктеріне жұмсалды. Атап айтқанда, зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге 5,3 трлн теңге бөлінді. Өңірлерді қолдауға 4,4 трлн теңге, ал экономиканың нақты секторына 2 трлн теңге бағытталды.
Сонымен қатар мемлекет шығыстарды бақылау мен бюджет қаражатын тиімді пайдалануға басымдық беріп отыр. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне антифрод-бақылау енгізу және мониторингті күшейту нәтижесінде тоғыз айда 23,4 млрд теңге қаржылық шығынның алдын алынды. Бұған қоса, 6 634 мектепті цифрлық қаржыландыру жүйесіне көшіру 34 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берді.