Маңғыстауда ауыл халқы кәсіптік-техникалық мамандықтарды меңгеріп жатыр
Маңғыстау облысында ауыл жұртшылығы техникалық және кәсіптік мамандықтарды меңгеріп жатыр.
Ол үшін колледжге құжат тапсырудың қажеті жоқ. Мобильді оқу орталықтары елдімекендерге барып, халыққа тегін қызмет көрсетеді. Қазір Мұнайлы және Бейнеу ауданында тұрғындар тігін, электр техникасы, аспаздық іс секілді сұранысқа ие мамандықтарды оқуға кірісті. Бұл жобаның мектеп оқушыларына да тиімділігі мол.
Мобильді оқу орталығы арнайы құрал-жабдығы бар 2 павильоннан тұрады. Жылжымалы кешеннің бірі Мұнайлы ауданындағы №6 мектептің ауласында тұр. Қазір жоғары сынып оқушылары тігін және аспаздық іс мамандығының қыр-сырын меңгеруде. Назерке Әкімжанқызы болашақта кәсіби тігінші болуды армандайды.
Назерке Әкімжанқызы, оқушы:
- Өлшем алу, үлгі жасау, пішу секілді кезеңдердің барлығына едәуір шеберлік қажет екенін түсіндім. Тігін машинасымен жұмыс жасау, киімнің эстетикасына мән беру және матаны дұрыс таңдау. Мұның барлығы бұл кәсіптің шығармашылыққа жақын екенін көрсетті.
Айымгүл Жарылғасова, өндірістік оқыту шебері:
- Аспаздық іс ұл мен қыз балаға ортақ мамандық. Оған оқушылардың қызығушылығы жоғары. Қазірдің өзінде жиырмадан астам бала жазылды. Олар сиыр етінен котлет және картоп езбесін әзірлеуді үйреніп жатыр. Келесі сабақта тәтті тағам жасау жолдарын көрсетеміз.
Шаштараздық өнерді таңдағандар алғашқы дәрісте шаш қию, бояу, сәндеу әдістері мен шаш күтімі негіздерімен танысты. Алдағы уақытта олар салтанатты шараға арналған және креативті шаш үлгілерін жасауды үйренеді.
Жанар Байназарова, мектеп директоры:
- Жұмысшы мамандықтардың қазіргі уақытта маңызы өте зор. Себебі колледжде оқушы кәсіби біліммен бірге өндірістік тәжірибе жинақтап, еңбек нарығына тез бейімделіп кетеді. Бұл жастардың қазірден бастап мүмкіндігін ашуға қолайлы сәт туғызады.
Зинаида Епенова, колледж директорының орынбасары:
- 30 адамды біз Жармыш, Шайыр ауылдарында оқытқан болатынбыз. Бір мезгілде әр мамандыққа 5 адамды қамтуға мүмкіндігіміз бар. Яғни бізде қазір төрт мамандық жасақталған, бұл орталықта. 20 адамды қамти аламыз.
Мобильді оқыту кешендері кез келген ауданға бара алады. Ол үшін кәсіптік білім алуға ниеті бар ауыл тұрғындары жазбаша өтінім жолдауы керек. Курс соңында білім алушыларға куәлік беріледі. Бүгінде 3 ауылда сабақ өтіп, жүзден астам адам кәсіби мамандық түрлерін меңгерген.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев