Әлеуеметтік маңызы бар тауалардың тізімі кеңейеді
Елде әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімі ұлғаяды. Бүгінде тізімге енгізуге болатын 23 позиция анықталды. Енді мұны Сауда және интеграция министрлігі бизнес өкілдерімен талқылайды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары-Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен инфляцияны тұрақтандыру мәселесі жөніндегі кеңесте айтылды.
Жалпы тізімнің кеңеюі – кәсіпкерлерге бірқатар міндет жүктейді. Мәселен, бизнес өкілдері мәмілелердің ашықтығын қамтамасыз етіп, шот-фактуралар мен фискалдық чектерді уақытылы шығаруға міндеттеледі. Сондай-ақ олар заңнамада белгіленген 15 пайыздан аспайтын сауда үстемесін сақтауға тиіс. «Мұндай шаралар сұранысқа ие азық-түлік бағасын төмендетуге бағытталған», -дейді мамандар. Жиын соңында Серік Жұманғарин, тізімге енетін әрбір тауарды жеке талқылап, импорт құрылымын қосымша зерделеуді тапсырды. «Соның нәтижесінде түпкілікті шешім қабылданады», - деді.