«Қазатомөнеркәсіп» 450 әлеуметтік жобаға қолдау білдірді

Қазатомөнеркәсіп өңірлерде 10 әлеуметтік жобаны жүзеге асыруда. Осы мақсатта 7 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл сомма әлеуметтің әлеуетін арттыруға яки аймақтық инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Жаңа нысандар салынып, ескірген ғимараттар жаңғыртылып жатыр. Бұл жайлы Самұрық-Қазынада өткен Қоғамдық кеңестің отырысында айтылды. Келелі кеңесте тоғыз айдың төңірегінде тыңдырылған істердің жай-жапсары талқыланып, алдағы басым бағыттар пысықталды. 

Қазатомөнеркәсіп компаниясы 2019 жылдан бері 450 әлеуметтік жобаға демеушілік қолдау көрсетті. Бұл бұқараның тұрмысын түзеп, аймақтың әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалар. Биылдың өзінде 10 жобаны жүзеге асырып жатыр. Ол үшін 7 млрд теңге қаржы бөлген. Меже орындалса, халыққа қажетті нысандар бой көтереді.

Мейіржан Юсупов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы:

- Әлеуметтік жобалардың бәрі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, қандай жобаға бет бұрамыз, солармен келісіп отырып жасаймыз. Кейбір ауруханаларға құрал-жабдықтарды жіберу, томографиялық құрал-жабдықтарды алу, мектептерге құрал-жабдықтарды алуға көмектесеміз. Кейбір ауылдарда су тапшылығы бар, сол су тапшылығын жою үшін жанағыдай су құбырларын береміз. Сондай жұмыстар жасалып жатыр.

Келісіп пішкен тон келте болмас. Бұдан бөлек, бірлестік ағартушылыққа да атсалысады. Айталық, «MURAGER» бағдарламасы арқылы студенттерді тегін оқытып отыр. Екі жылда 100-ден астам жас ілкімді істің игілігін көрді. Ал «IZBASAR» жобасы негізінде болашақ мамандар «Қазатомөнеркәсіп» мекемелерінде тәжірибеден өтеді. Енді геологиялық зерттеу ісіне қарқын қоспақ.

Мейіржан Юсупов, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы:

- Геологиялық барлау бойынша жұмысты әрі қарай белсенді түрде жалғастыра береміз. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы. Соны біз өзіміз түсіне отырып, үш есе геологиялық барлауға деген инвестицияны көбейтіп отырмыз. Әрі қарай да осы бағытта жұмыстарымызды жалғастырамыз.

Компания өз қызметкерлерін қолдауға да құлықты. Осы мақсатта «Atom IQ» білім беру жобасын жүзеге асырып келеді. Яғни еңбеккерлердің балалары сауықтыру лагеріне тегін жіберіледі. Биыл 100 жеткіншек қамтылды. 

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Самат Қазанбаев, Бақытбек Нұртаев