«Қазатомөнеркәсіп» басшыларына қатысты жағдай: Директорлар кеңесі мәлімдеме жасады

Фото: Қазатомөнеркәсіп

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Директорлар кеңесі Басқарманың үш мүшесінің қызметтен кетуіне және олардың бірінің сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыптаулар бойынша ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «24KZ».

Кеңес компанияның өндірістік және қаржылық қызметіне бұл жағдай әсер етпегенін хабарлады.Компанияның мәліметінше, қазіргі уақытта оның басты міндеті – басқару жүйесі мен бизнестің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, қызметкерлерді қолдау және акционерлердің мүдделерін қорғау.

Директорлар кеңесі қалыптасқан жағдайға байланысты акционерлер мен серіктестер арасында алаңдаушылық туындауы мүмкін екенін түсінетінін атап өтті. Сондай-ақ ішкі бақылау мен корпоративтік басқару рәсімдеріндегі ықтимал кемшіліктерді анықтап, оларды түзетуге дайын екенін жеткізді.

«Қазатомөнеркәсіп» құзыретті органдармен ынтымақтастықта жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар кінәсіздік презумпциясы қағидатын сақтай отырып, құқықтық рәсімдер аяқталғанға дейін жеке жауапкершілік туралы қорытынды жасамайтынын айтты.

Компанияның хабарлауынша, Басқарма кворумды сақтап отыр. Қызметтен кеткен басшылардың міндеттері ішкі рәсімдерге сәйкес басқа басшылар арасында бөлінген. Бос лауазымдарға жаңа тұлғалар тағайындалғаннан кейін бұл туралы ресми хабарланады.

Компания 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық болжамды көрсеткіштері, сондай-ақ даму стратегиясы өзгеріссіз қалатынын растады. Қазіргі жағдай операциялық қызметке әсер етпеген.

Директорлар кеңесі компанияның тұрақтылығы жекелеген басшыларға емес, қызметкерлердің тәжірибесіне, кәсібилігіне, іскерлік байланыстарына және мүдделі тараптардың қолдауына негізделгенін атап өтті.

Кеңес алдағы уақытта да маңызды оқиғалар мен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған шаралар туралы хабарлап отыруға уәде берді.

Сондай-ақ оқыңыз: