Үкіметте өңдеу өнеркәсібін цифрландыру мәселесі қаралды
Елдегі өңдеу өнеркәсібінде оң динамика бар. Жыл басынан бері металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі және құрылыс материалдар өндірісінің көлемі 24 триллион теңгеден асып, 5,8% артты. Сондай-ақ биыл салада 147 жаңа жоба іске қосылды. Бүгін Үкіметте өңдеу өнеркәсібін дамыту және цифрландыру мәселесі қаралды.
Соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібінде қалыптасқан оң динамика биыл да сақталып тұр. Өнеркәсіп және құрылыс министрінің айтуынша, биыл жалпы құны 1,5 триллион теңгеге жуықтайтын 147 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл қаржының қолжетімділігі, шикізатты жеңілдетілген бағамен қамту және өнім өткізу процесін қолдау арқылы саланы дамыту көзделіп отыр.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Бүгінде еліміздің барлық аймақтарында инфрақұрылыммен және индустриялық алаңдармен қамтамасыз ету бойынша жүйелі саясат жүргізіліп жатыр. Елімізде 16 арнайы экономикалық аймақ бар, оларға 10,4 триллион теңге инвестиция тартылған. 66 индустриялық аймақ қызмет атқарады. Бұл аймақтарда жалпы құны бір де алты триллион теңге болатын 305 жоба іске қосылды. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылып жатыр.
Әлем дамып, технология қарыштаған заманда саланы сандық жүйеге көшіру маңызды. Былтыр цифрлық технологияларды енгізген кәсіпорындардың үлесі 19% артқан. Ал киберқауіпсіздік құралдары 246 кәсіпорында, Сloud технологиялары 150-ге жуық мекемеде енгізілді. Қазір 40-тан астам өндірісте өнеркәсіптік роботтар жұмыс істеп жатыр.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Тау-кен металлургия саласында роботтардың виртуалды көшірмелері, өндіріс алаңдарынан жиналған үлкен деректерді өңдеу, компьютерлік көру технологиялары және роботтанған жабдықтар қолданылады. Химия өнеркәсібінде ресурстарды жоспарлау жүйелері, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету құралдары белсенді енгізіліп жатыр. Қазірде жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу қызметін талдауға мүмкіндік беретін Tizilim ақпараттық жүйесі жұмыс істеп тұр. Онда 6 мыңнан астам тапсырыс беруші мен 900 отандық өнім өндіруші тіркелген.
Сондай-ақ салада жасанды интеллектіні енгізудің жол картасы әзірленген. Оның аясында қазір елдегі ірі кәсіпорындар 40-тан астам жобаны сәтті жүзеге асырып жатыр. Бірақ жауаптылар мұнымен тоқтап қалмай, саланы жан-жақты дамытуды жолға қойғанын жеткізді.
Авторлары: Альмира Оразбай, Марат Диханбаев