Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімі кеңейеді
Шәй, сүт, тіпті қияр мен қызанақ та енді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік санатына енуі мүмкін.
Демек өнімдердің бағасына Сауда және интеграция министрлігі тікелей бақылау жүргізе алады. Ал тауар өндірушілер мен иппорттаушылар бірқатар жеңілдікке ие болады.
Елде әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатары ұлғаяды. Дәл қазір тізімде 19 өнім түрі болса, енді 33-ке дейін жетуі мүмкін. Сауда және интеграция министрлігі «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» порталына дәл осы өзгеріске қатысты Бұйрық жобасын жариялады. Жаңартылған тізімде қара шәй, қызанақ, қияр, алма, сүт және балық өнімдері бар. Су жануарларының ішінде көксерке, шортан, сазан, меңтай, скумбрия сияқты түрлері таңдалған. Сонымен қатар сиыр мен қой етін енгізу көзделіп отыр. Бизнес қауымдастығы, кәсіпкерлер палатасы және мемлекеттік органдармен бірге бұл мәселелер қосымша пысықталады.
Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:
- Осыған дейін сиыр етінің тек жауырын және төс еті ғана әлеуметтік маңызды тауарлар қатарына кіріп, соған ғана мемлекеттік бақылау жүргізген болсақ, енді қазіргі жобаға сәйкес, сиыр етінің тұтас бөлігі, қой етінің тұтас бөлігіне мемлекеттік бақылау жүргізуді қосқалы жатырмыз.
Тауарөндірушілерге жеңілдік қарастырылады
Мұндай тауар түрлерін өндірушілерге жеңілдік қарастырылады. Мәселен, олар сауда желілеріне төлейтін бонустан босатылады. Үнемделген қаражатты кәсіпкерлер өз бизнесін дамытуға жұмсауы керек. Олардан қосымша төлем талап еткендер әкімшілік жауапқа тартылады. Үстемақысы жоғары делдалдар нарықтан шығарылуы мүмкін. Сонымен қатар тауарөндірушілер мемлекет тарапынан берілетін демеу-қаржыға және тұрақты коммуналдық қызмет тарифіне қол жеткізе алады.
Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:
- Осыларды өндіретін өндіріс орындарына коммуналдық қызметтердің тарифын тұрақтандырдық. Ол жылдың соңына дейін, одан кейінгі жылдарға тариф өспейді. Белгіленген бір бағада ғана тариф төлейді. Одан бөлек тек Сауда министрлігі тарапынан емес, Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан да осы маңызды тауарларды өндіру үшін көптеген субсидия алуға басымдық беріледі.
Асылтұқымды мал өсіруге несие беріледі
Ет-сүт өндірушілер үшін жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Биыл ірі қара мен ұсақ мал бордақылаумен айналысатын фермерлердің қаражат айналымын толықтыру мақсатында алғаш рет 5 пайыздық мөлшерлемемен қарыз ұсынылды. Бағдарлама аясында 50 млрд теңге бөлінген. Қазір соның 18 млрд теңгесі ғана игерілді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, келер жылы асылтұқымды мал сатып алуға арналған бағдарлама жүзеге асады.
Бағлан Аймұрзаев, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының міндетін атқарушы:
- Асылтұқымды мал сатып алуға жеңілдетілген, 6 пайыздық несиелеу бағдарламасы енгізіледі. Қазіргі таңда осы бағдарлама бойынша біздер қаржы есептерін жүргізіп жатырмыз. Қажеттілікті есептеп жатырмыз. Содан кейін өтінімді тиісті органдарға жіберіп, келесі жылы ақпан-наурыз айларында бастауды жоспарлап отырмыз.
Тұрақтандыру қорларының жүктемесі артады
Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімін кеңейту туралы Бұйрық жобасы 10 жұмыс күні бойы қоғамдық талқыда болады. Егер бастама мақұлданған жағдайда, келер жылдың алғашқы айларынан бастап іске асырылуы мүмкін. Ал әр өңірдегі тұрақтандыру қорлары тізімдегі жаңа өнімдерді сатып алып, нарықты бақылауға тиіс.