Еуропа қайта бірігуі мүмкін
Әлем экономикасы шатқаяқтап тұр. Әлемге шекесінен қарап, түрлі ұйым, биржалар арқылы әмірін жүргізіп келген монополист, алпауыт елдердің қарыз-құрызы көбейіп барады қазір.
Соның бірі Ұлыбритания. Кейінгі 9 жылда Англия жалпы ішкі өнімнің 8 пайызынан қағылды. Бұған – Brexit себеп. Яғни Тұманды Альбион ЕуроОдақтан шығамыз деп, экономикасынан 235 млрд доллар жоғалтты.
Брекситтің кері әсерін премьер-министр Кир Стармер де мойындап отыр. Тіпті кезінде ат құйрығын кесіскен ЕуроОдақтан қол үзіп қалғанына өкінетін сыңайлы. Енді қайтпек керек? «Жалғыздың үні, жаяудың щаңы шықпайтынын» сезген Еуропа қайта біріге ме? Сарапшылар не дейді?
Еуропа қайта біріге ме?
Ұлыбританияның экономикалық өсімі баяулады. Бұған бірден бір себеп – Брексит, яғни ЕуроОдақтан шығуы. Блумберг басылымының дерегі бойынша, кейінгі 9 жылда Ұлыбританияның қарт құрлық ұйымына экспорты 45 пайыз азайды. Бұл арада ЕуроОдақта керсінше импорт 6 пайыз өскен. Демек басқа елдермен алыс-берісті арттырған. Яғни британиялық кәсіпкерлер үлкен нарықтан қағылып отыр. 9 жыл бұрын Ұлыбритания халқының 52 пайызы «өзіміздің жеке шығуымыз дұрыс» деп дауыс берді. Бірақ сол кезде билік Брюссельдің бюрократиялық қысымынан босап, экономиканы өз бетінше дамытамыз, АҚШ-пен тиімді келісім жасаймыз. Ал үнемделген миллиардтарды әлеуметтік салаға бағыттаймыз деп уәдені үйіп-төккен еді. Алайда үкіметтің бұл жоспары жүзеге аспады. Мұны премьер-министр Кир Стармер де растап отыр.
Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:
- Біз Brexit келісімі экономикамызға кері әсер еткенін мойындауымыз керек. ЕуроОдақтан шыққаннан кейін бюрократиялық, кедендік және заңдық кедергілер керсінше көбейді. Енді оларды азайту үшін ұйыммен бұрынғыдан да жақын қарым-қатынас орнатуымыз қажет.
Лондонның ЕуроОдақтан шығуға түрткі болған тағы бір мәселе - Британияға ағылған мигранттардың жолын кесу. Бірақ бірнеше британ үкіметі бұл жағдайға бас қатырып, әлі шеше алмай келеді. Керсінше бұл жаңа проблемаға әкеп соқты. Қазір Тұманды Альбионда жұмысшы мамандар тапшы. Британиялық кәсіпкерлер қауымдастығының дерегі бойынша, Брекситке дейін еңбек нарығында 6 пайыз жұмыс күші жетпейтін. Ал қазір бұл көрсеткіш 17 пайыздан асады.
Брексит Лондон қор биржасын да шайқалтқан еді. Билік халықтың талабын орындаймыз деп, капитал нарығын өз бақылауына алады. Бірақ бұл бастамадан да нәтиже шамалы. Референдумнан кейін акциялар 2 жылда құнсызданып, инвесторлар арасында дүрбелең туғызады. Биржадағы құнды қағаздар 42 пайызға құлдырайды. Ал фунт стерлинг 8 пайыз арзандап, еуро керсінше беки түсті. Корольдіктің төл валютасы референдумға дейінгі құндылығын қайталай алмай тұр. Ал британиялықтардың Брекситке қатысты ойы өзгерген. Кейінгі жүргізілген сауалнама, ЕуроОдақтан шығуға қолдап, дауыс берген әр алтыншы азамат қателескендерін мойындаған. Ал халықтың 66 пайызы Еуропамен қайта бірігуге қарсы емеспіз деп жауап берген.
Джон Отерс, нарық бойынша сарапшы, Вloomberg opinion бөлімінің аға редакторы:
- Көпшілік Brexit қателік деп санайды. Бірақ бұл мәселеге қатысты жаңа референдумның өтуін қаламайды. Британиялықтар сауданы жеңілдету және миграция мен қорғаныс мәселесі секілді түйткілдердің шешілуін талап етеді.
Брекситтен кейін Британия АҚШ-тың басты серіктесі атанып, ерекше қатынастан үмітті болған. Бірақ жеме-жемге келгенде, Трамптың тоны теріс айналды. Республикашылдар мен демократтар, ешқайсысы Лондонмен үлкен сауда келісімін жасасқан жоқ. Саяси бағдары күрт өзгеріп Құрама Штаттар керсінше Еуропадан оқшалана түсті. Украина мәселесінде де бұрынғы саясатынан бас тартты. Яғни қарт құрлыққа өз проблемасын өзі шешуден басқа амалы жоқ. Бұл арада Ұлыбританияның ЕуроОдақ есігін қайта қағуға тура келетін сияқты.