Электронды сауда үлесі артып жатыр

Жаңа жылдан бастап, елде фулфилмент-орталықтар бойынша ұлттық стандарт күшіне енеді. Құжат қараша айында бекітілген.

Мұның маңызы қандай, артықшылығы неде? Жалпы онлайн сауда нарығындағы әлеуетіміз қандай?

Шетелдік маркетплейстер тіркелуге міндетті

2026 жылдан бастап, шетелдік маркетплейстерге елде тіркелу міндеттеледі. Ал салықтан жалтарып, әрекет еткендердің онлайн сауда алаңы бұғатталады. Кірістер комитеті отандық және шетелдік маркетплейстер арасында тең бәсеке болу керек дейді. Яғни олар 16 пайыз қосылған құн салығын төлеуге тиіс болады. Қазір елде 6 маркетплейс қана ресми тіркелген. Дегенмен 2022 жылдан бері 118 онлайн сатушы 118 млрд теңге гугл салығын төлеп келеді. Ал отандық маркетплейстерден биыл 200 млрд теңге көлемінде салық түседі.

Талғат Әділов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:

- Мысалы, «Теmu» компаниясы тіркелгелі 12 млрд теңге салық төледі. Биыл 6 млрд теңге түсті. Олар айналым үлесінен төлем жасайды. Кеткен шығынды есепке алмайды. Яғни 12 пайыз. Келесі жылы ол 16 пайыз болады. Бұл ғана емес, жыл сайын шетелдік маркетплейстерден түсетін салық көлемі артып жатыр. Былтыр 35 млрд теңге болды, қазір 48 млрд-қа жеткен. Жыл аяғына дейін 55 млрд теңге болады деп отырмыз.

Электронды сауда үлесі артып жатыр

Сауда және интеграция министрлігі биыл онлайн сауда нарығы 15 пайыз болады дейді. 2029 жылға қарай электронды сауда 9 трлн теңгеден асады. Яғни бөлшек саудадағы үлесі 18 пайызға жетуі керек. Мамандар бұл нарыққа қызығушылық бәсеңдемейді деп отыр. Есте сақтаңыз, шетелдік сауда алаңдарынан жеткізілетін тауар құны 200 еуродан асса, артық сомадан 15% кеден салығын төлеу керексіз. Яғни тапсырысты кедендік рәсімдеу қажет. Ал шетелдік маркетплейстерді ресми тіркелуге міндеттеу бағаға қалай әсер етеді?

Электронды сауда үлесі:

2024 - 14,1 %

2025 -  15 %

2029 – 18,5 %

Берік Ахметов, «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ басқарушы директоры:

- Шетелдік маркетплейстер масштабқа жұмыс істейді. Яғни тауар көлемі үлкен. Соған байланысты баға құбылмау керек. Бірақ қазақстандық компанияларға тікелей әсер етеді. Қызметіне, жеткізуге, сақтауға бәріне әсер етеді. Тиісінше бағасы да өседі.

5 жылда онлайн сауда 7 есе өсті

Құзырлы министрлік 2027 жылға дейінгі электронды сауданы дамыту жоспарын жүзеге асырып жатыр. Нәтижесіз емес. Кейінгі 5 жылда көрсеткіш 7 есе өскен. Маркетплейстердегі сатылымның 62%-ын электр техникалары, смартфондар және жеңіл өнеркәсіп тауарлары қамтиды. Қалғаны күнделікті тұтынатын өнімдер. Оның үстіне онлайн платформалардағы «Қазақстанда жасалған» арнайы бөлімдеріне қызығушылық артып жатыр.

«Фулфилмент-орталықтар» ұлттық стандарты күшіне енеді

«Сапасыз тауар алып, сан соғатындар да азаймай тұр. 10 шағымның жетеуі кей шетелдік маркетплейстерде «өнімді кері қайтару» қызметінің жоқтығына наразы. Тауарды уақытылы жеткізу және оны сақтау талаптарының бұзылуы да күн тәртібінен түскен жоқ. Осы орайда, елде «Фулфилмент-орталықтар» ұлттық стандарты бекітілді. Құжат 2026 жылы күшіне енеді. Ол тауарды сақтау, жеткізу, тапсырыстарды басқару және бақылау сияқты негізгі процестерді қамтымақ. Қазір ірі маркетплейстер Алматы мен Астанада үш фулфилмент-орталық салып жатыр. Оның жалпы аумағы 291 мың шаршы метрге жуық. Бұл бастамалар  сауда саласына инвестиция тартуға, сондай-ақ онлайн коммерцияның өсуіне елеулі ықпал етеді», - дейді мамандар.

Онлайн дүкендер көбейеді

Әрине, маркетплейстердің беделі арта береді. Шағын және орта бизнес шығыны көп сауда орындарынан гөрі онлайн алаңдарды таңдап жатыр. «Әрі ашықтықты қамту үшін де онлайн нарықтың дамуы тиімді», - дейді мамандар.