Түркістан облысында бес зауыт іске қосылды
Түркістан облысында өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған бірнеше зауыт іске қосылды. Мәселен, Түлкібас ауданында жеміс-жидекті терең өңдейтін зауыт ашылса, облыс орталығында толық циклді тоқыма бұйымдарын өндіру бойынша мақта агро-өнеркәсіптік кешені жұмысын бастады.
Ал Отырар ауданында заманауи мақта өңдеу зауыты мен суару лентасын және тамшылатып суару жүйесін шығаратын үш зауыт ашылды.
Түлкібастағы кәсіпорын алма мен өзге де жеміс-жидекті өңдеп, одан 100 пайыз табиғи шырын және жеміс езбесі мен алма ұнтағын шығарады. Заманауи технологиямен жабдықталған зауыт тәулігіне 30 тонна, ал жылына бес мың тонна алманы өңдейді. Қазіргі таңда дайын өнім «Ayim» брендімен сауда сөрелеріне жөнелтілуде. Толық автоматтан-дырылған нысанда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс орнының ашылуында облыс әкімі Нұралхан Көшеров: «Біз тек ауыл шаруашылығы дамыған емес, өнімді терең өңдейтін, өнеркәсібі дамыған өңірге айналуымыз керек», - деді.
Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында ауыл шаруашылығын өнімдерін терең өңдеуді дамыту маңызды екенін айқындап өткен болатын. Өзіміздің шығаратын өнімді терең өңдеп, нарыққа, экспортқа да шығаруға мүмкіндік болады. Түлкібастың алмасын бәрі біледі. Сондықтан алманы брендке айналдырып, оның өнімін экспортқа шығару уақыт талабы. Түлкібастың алмасын біз экспортқа шығаратын боламыз.
Бейбіт Төлешов, агроөнеркәсіп кооперативінің директоры:
- 300 гектар бау-бақшамыз бар. Мынау зауыт ашқалы бері бірде-бір алманы қалдырмаймыз, жинап алып өңдеп жатырмыз. Қазіргі таңда бізде тікелей сығылған алма шырыны және алма ұнтағы бар. Биылдыққа осы, ал келесі жылы томат шырынын, балалар пюресін шығару жоспары бар.
Түркістанда тоқыма өнеркәсібінің жаңа дәуірі басталды. Толық циклді тоқыма бұйымдарын өндіру бойынша мақта агроөнеркәсіптік кешені іске қосылды. Мұнда жіп иіріп, мата өндіріледі. Жауаптылар алдағы бес жылда дайын өнім шығаратын толық циклді кәсіпорын құрылатынын айтады. Өндірістік кешен 42 гектар аумаққа орналасқан. Жоба құны – 86 млрд теңге. Жобаның бірінші кезеңінде 430 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Келесі жылы 2 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Мақсат – шикізатқа тәуелділіктен арылып, дайын өнім шығаруға басымдық беру.
Суй Дже, «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС басшысы:
- Зауыт толық іске қосылған кезде жыл сайын 11 мың тонна жіп, 47 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын жабдықтар жиынтығы мен 4 млн көрпе өндіру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер отандық жеңіл өнеркәсіптің импортқа тәуелділігін азайтып, ішкі нарықты сапалы қазақстандық өніммен қамтамасыз етуге жол ашады. Сонымен қатар кәсіпорын өнімдерінің едәуір бөлігі экспортқа бағытталмақ.
Сондай-ақ бүгін Отырар ауданында еліміздегі ең ірі, заманауи мақта өңдеу зауыты мен жылына 800 млнн метр суару лентасын шығаратын және 50 мың гектар егіс алқабын заманауи тамшылатып суару жүйесімен қамтамасыз ететін өндіріс орны іске қосылды. Одан бөлек,осы жобаларды басқару мен бақылауды жүзеге асыратын жасанды интеллектке негізделген орталық басқару станциясы пайдалануға берілді. 30 мың гектар алқаптағы суару, реттеу және бақылау жұмыстары автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады. Жоба құны - 21,1 млрд теңге. Мамандар бұл мақта өсіруден бастап, жіп иіру, мата тоқу, тігін және дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтитын, Орта Азияда баламасы жоқ жоба екенін айтады. Әрі өңір экономикасына жаңа серпін береді.
Нұралхан Көшеров, облыс әкімі:
- Жалпы облыста макта кластерін қарқынды дамытып келе жатырмыз. Мақта саласында экспорттан тәуелділікті толықтай жоятын боламыз. Қазіргі ашылатын кешенде жылына 180 мың тонна шикізат өңделетін болады. Ең бастысы, осы зауытта 279 жаңа жұмыс орны ашылады. Тек Отарар ауданын ғана емес, бүкіл облыстың экспорттық әлеуетін біз арттыратын боламыз.
Аталған жоба мақта агроөнеркәсіптік салаға жүйелі өзгеріс енгізіп қана қоймай, шикізаттық бағыттан арылып, қосылған құны жоғары дайын өнім өндіруге көшуге негіз қалайды. Осы арқылы Түркістан облысында тұтас мақта-тоқыма экожүйесі қалыптасып отыр. Бүгінге дейін 60-тан астам жергілікті тұрғын екі қолға бір күрек тапқан.
Қайсар Жеңісұлы, жұмысшы:
- Осы жерде қарапайым жұмысшымын. Осының ішінде техникалар мен станоктарды қарап тұрамын. Егерде қандай да бір жағдай болғанда осындағы жауапты мамандарды шақырып, сол кісілердің қасында көмектесіп жүремін.
Жалпы Түркістан облысында импортты алмастыратын 20 жоба іске асырылуда. Бұл өз кезегінде 53 млрд теңгеге жуық импорт тауарларын алмастыруға мүмкіндік береді. Индустриалдық аймақтарда құны 152 млрд теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. 6 361 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда 39 млрд теңгені құрайтын, 50 жоба іске қосылды. 2 600 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 211 млрд теңгеге 28 ірі жоба жүзеге асырылуда. Түркістан енді тек тарихы терең, руханияты биік өңір ғана емес, өндірісі дамыған, инновацияға негізделген экономикалық орталық ретінде қалыптасуда.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш