Биыл елімізде мол астық жиналды
Биылғы жыл агросектор үшін жемісті болды. Егін бітік, мал қоңды. Рекордық көлемде астық жиналды. Отандық тауарлар теңіз тұрмақ, мұхит асып жатыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, диқандар кейінгі жылдары сапалы тұқым түрлеріне мән беріп жатыр. Отандық тауарға сұраныстың бәсеңдемеуі осыны аңғартса керек. Саладағы өзге де мәліметтерді алдағы минуттарда баяндаймын.
Биыл егістіктен мол өнім алынуы агросектор саласындағы ең маңызды жетістік болды. Диқандар 16 млн гектар алқаптан 27 млн тонна астық жинады. Әр гектардан алынған орташа өнім көлемі 17 центнер шамасында. Соның ішінде бидайдың үлесі 20 млн тоннадан асады. Өткен жылдағымен салыстырғанда жарты миллион тоннаға көп.
«Өнім көлемінің артуына көктемгі далалық жұмыстардың ерте қаржыландырылуы тікелей ықпал етті», - дейді мамандар. Сондай-ақ шаруалар сапалы тұқымға ерекше мән берген. Елде алдағы уақытта астықты терең өңдеуге басымдық беріледі. 2028 жылға дейін бидай мен жүгеріні өңдеуге арналған бес ірі жоба жүзеге асырылады. Олардың жылдық өндіріс қуаты 4,8 млн тонна болады.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Салаға салынатын инвестиция көлемі 2,6 млрд АҚШ долларды құрайды. 3,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Өнім ассортименттері амин қышқылдары, сироптар және витаминдермен кеңейтіледі. Инновациялық өндірістерді шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі, жүгерінің егіс алқаптарының кеңейтуді көздейтін әртараптандыру шаралары шеңберінде жүзеге асырылады.
Теңіз порттарының әлеуеті артты
Маркетингтік жыл ішінде Қазақстан 13 млн тоннадан астам астық экспорттады. Бұл бұрын-соңды болмаған жоғары көрсеткіш.
Астық экспортының географиялық ауқымы жылдан жылға кеңейіп келеді. Қазір Орталық Азиядан бөлек, Оңтүстік-шығыс Азия, Таяу Шығыс, Еуропа, тіпті Солтүстік Африкаға дейін өнім жеткізіле бастады. Экспортты арттыруда Ақтау мен Құрық порттары маңызды рөл атқарды. Дәл осы теңіз жолдары арқылы жыл сайын 3 млн тонна бидай тасуға болады.
Бұрын Батыстағы мемлекеттерге жүктің бәрін теміржолдың бойымен Ресей арқылы тасымалдасақ, қазір Каспийден кеме арқылы жөнелте аламыз. Контейнерлер саны еселенді. Жаңа хаб пен терминалдар құру маңызды міндеттер қатарында. Биыл Әзербайжан президентінің елге сапары отандық транзит әлеуетін арттыруға септесті. Енді Қазақстанның бидайы Әзербайжан арқылы Арменияға жеткізіледі. Бұған дейін астық Ақтау порты арқылы Иранға тасымалданатын.
Қазақстан тауары мұхитқа шықты
Әлемде мұхитпен тікелей шектеспейтін 40 шақты ел болса, соның ішінде географиялық аумағы жағынан ең үлкені – Қазақстан. Алайда бұған қарамастан біздің ел халықаралық дәліздерді жалғап, кейбір тауар түрлерін өзге құрлықтарға емін-еркін тасымалдап жатыр. Ол үшін Еуропа елдерінің порттары қолданылса, оған дейінгі жолды жүк пойыздары еңсереді. Кейінгі кезде құрылысы тіпті үдей түскен теміржол арқылы жүк Қытайдың Ляньюньган портына жетіп, әрі қарай Тынық мұхитына өтеді. Ал Қытай қазақ жері арқылы Каспийге, одан әрі Қара теңізге жете алады. Тағы бір маңызды бағыт –Солтүстік-Оңтүстік дәлізі. Жол Ресейден басталып, Қазақстан мен Оңтүстік Азияны жалғап, Ирандағы Бендер-Аббас портына апарады. Әрі қарай Үнді мұхиты тұр. Халықаралық көлік дәліздері тағы кеңейеді.
Мирас Қуантай, ҚР КМ Көлік саясаты департаменті директорының орынбасары:
- Қазір жаңа дәліз ашу жұмыстары бойынша басқа мемлекеттермен бірлесіп іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Ол Беларусь мемлекетінен басталып, РФ, Қазақстан және Пәкістанға шығып, Үнді мұхитына шығатын тікелей дәліз ашылып жатыр.
Агросектор өнімін еселеу міндеті тұр
Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша 32-орында тұр. Ал егіс алқабы бойынша 8-ші орын, жайылымдық жер аумағы бойынша 6-орын алады. Демек қолда қажетті ресурс бар, тек соны тиімді пайдалану қажет. Мемлекет басшысы мұны айрықша атап өтті. Кейінгі он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 3,3 триллион теңгеден 8,3 триллион теңгеге дейін өсті. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы екі есе арттыру міндеті тұр.