Көмір генерациясын дамытудың ұлттық жобасы әзірленеді

Қазақстанда көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жоба әзірленіп жатыр. Жоспар бойынша шамамен 7,6 ГВт қатты отыннан қуат көзін алу бастамасы іске асады.

Әсіресе экологиялық талаптарға сай «таза көмір» технологиялары негізіндегі жаңа кәсіпорындарға басымдық беріледі. Жалпы қуаты 960 МВт болатын Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы үш жылу электр орталықтарының жобалары жоспарланған мерзімде аяқталады. Нысандағы жұмыстың жүйелі жүргізілуін энергетика министрлігі тікелей бақылауға алмақ. Әр жоба көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобада егжей-тегжейлі сипатталып, тіркеледі.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысы көмір генерациясын дамытудың және жаңа ЖЭО жобаларын жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударғанын атап өтті. Осыған байланысты «Самұрық-Қазына» қорына Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын салу жобаларын жүзеге асыруды жеделдету, 2-ші ГРЭС-ті кеңейту бойынша құрылыс барысын ерекше бақылауға алу, Курчатовтағы ЖЭО және Екібастұздағы 3-ші ГРЭС жобаларының техникалық құжаттамасын дайындауды аяқтау тапсырылды. Энергетика министрлігі бір ай мерзімде көмір генерациясын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеуі тиіс.