Қазақстан көмірді терең өңдеу және көмір химиясын дамытуға кіріседі
Кәдімгі тас көмірден химия саласына қажетті қатты өнімдер, ең аяғы газ бен дизель өндіруге болады. Пайдасы кемінде 30 еседен асады. Қазақстан осы мәселені байыптап, зауыттар салуға кіріседі, деп хабарлайды 24KZ.
Ал елдегі көмір қоры 3 ғасырға жетеді.
Еліміз көмірді өндіріп, алынған шикізатты экспорттайтын кезеңнен алыстамақ. Ендігі меже – отынды терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығару. Мақсат айқын, ал тиісті қадамдар 2026-2031 жылдарға арналған көмір химиясын дамытудың жол картасында көрсетілген. Биыл көмір өндірісі 128,9 млн тоннаға жетеді. Алайда оның бәрі энергетикалық немесе тұрмыстық мақсатқа жұмсалмайды. Үкімет белгілі мөлшерін отандық кәсіпорындарға терең өңдеуге жөнелтпек. Биыл салаға 553,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл былтырғыдан 82 пайызға көп.
Сұлтанғали Кенжеқұлов, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
— Көмір-химия саласын алатын болсақ, Қазақстанның бұл бағыттағы әлеуеті сарапшылардың бағалауы бойынша 25 млрд долларға дейін жетеді. Қазір біз екі-үш компаниямен бірқатар жобаны пысықтап жатырмыз. Олардың қатарында Индонезия, Оңтүстік Африка Республикасы және Қытай компаниялары бар. Олар Қазақстанда көмірді терең өңдеу жобаларын іске асыру мәселесін қарастырып жатыр.
Расында, көмір химиясы жобаларына жүздеген млрд теңге инвестиция тартуға болады. Қазіргі көмір қоры 3 ғасырға жетеді. Яғни өндірісті арттырып, шикізатты қайта өңдеуге мүмкіндік мол. Әзірге бұл көрсеткіш 3-ақ пайыз. Мамандар көмірді энергетикалық отын немесе экспорт көзі ғана емес, химиялық өндірістерге арналған құнды шикізат ретінде қарастыру орынды дейді. Өйткені өңделген көмірден алынатын өнімнің құны 25-30 есе жоғары болуы мүмкін. Тек тиісті технологияны игеру маңызды.
Сұлтанғали Кенжеқұлов, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
— Ең маңыздысы — көмір-химия саласындағы технология. Технология өте жоғары деңгейде болуы керек, бірақ тым қымбат болмауы қажет. Екіншіден, инвестиция мәселесі маңызды. Осы екі параметр бойынша инвестор дайын болса, жоба жүзеге асырылады.
Дәл қазір елімізде көмір химиясын дамыту жобалары басталып кетті. Мәселен, Қарағанды облысында жылына 1 млн тонна металлургиялық кокс өндіретін зауыт салынбақ. Жобаға 63,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Сәтін салса, 500-дей тұрақты жұмыс орны құрылады. 2029 жылы кәсіпорын алғашқы 500 мың тонна өнім береді, ал 2031 жылға қарай толық қуатта жұмыс істей бастайды. Жоспар бойынша мұнда көмір өндіріледі, кейін коксқа өңделеді, содан соң металлургияға қажетті өнім алынады. Бұл ғана емес, Үкімет көмір химиясын жетілдіруге белсенді кіріспек.
Санжар Жаркешов, ҚР Энергетика вице-министрі:
— Ең сұранысқа ие бағыттардың бірі — аммиак пен карбамид, метанол, синтетикалық отын, кокс-химия өнімдері және заманауи химиялық материалдар өндіруде қолданылатын синтез-газ өндірісі. Үкімет инвесторларды қолдаудың кең ауқымды шаралар пакетін ұсынып отыр. Оның ішінде салықтық және кедендік преференциялар, инфрақұрылымдық қолдау, сондай-ақ инвестициялық келісімдер жасау тетіктері қарастырылған.
Көмір энергетикалық отын ғана емес, одан газ да, дизель де шығаруға болады. Алда Қарағанды облысында жылына 2 млрд текше метрге дейін көгілдір отын өндіру жобасы қарастырылып жатыр. Осы Қарағанды және Павлодар өңірлерінде көмірден дизель отынын өндіру жобалары пысықталды. Әр кәсіпорынның жылдық қуаты 100 мың тоннаға жетеді. Демек, шикізаттан дайын өнімге дейінгі өндірістік тізбек ел экономикасын жаңғырта түседі.
Авторы: Мерей Мұратханқызы