Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бойынша 1400 жұмыс орыны ашылады
Биыл Түркістан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасына 15 млрд теңгеден астам қаражат тарту көзделіп отыр.
Оған бағдарлама шеңберінде мыңнан астам жоба қаржыландырылып, 1400 жаңа жұмыс орыны ашылады деп жоспарлануда. Қаржыны алып, жоба бастаған кәсіпкерлер тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашуға міндеттеледі.
Балтакөл ауылының тұрғыны Біржан Жүнісов 2 жыл бұрын, 2,5 пайызбен 8 млн теңге несие алған. Оған Бұл қаржыға наубайхана ашыпты. Нан пісіретін пеш салып, қамыр илейтін құрылғылар сатып алған. «Ауыл аманаты» жобасының игілігін көріп отырған тұрғын қазір 2 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Біржан Жүнісов, Балтакөл ауылының тұрғыны:
- Көрші ауылдағы дүкендерге өткізіп жатырмыз. Сосын ауылдағы ас-жиындар болса, солар жеке тапсырыс береді. Күніне 300-350 нан жабамыз. Дүкендерге 100 теңгеден, үйден алушыларға 110 теңгеден сатып жатырмын. Болашақ жоспар осыны кеңейту. Басқа да нан өнімдерін бөлке, бөлішке қосу .
Талапты елді мекенінің тұрғыны Нұрбол Махамбетов те 7,5 млн теңге несие алып, үй іргесінен балық өсіретін бірнеше бассейн салған. Ауладан құдық қазіп, мотормен су шығарып отыр. Істеймін деген адамға жобаның берері көп екенін айтады.
Нұрбол Махамбетов, Талапты елді мекенінің тұрғыны:
- Биыл жазға қарай тауарлы балық болады. 1 келі 200, 1,5 келі болуы мүмкін. Болашақта осы қазандықтардың санын 20-ға жеткізу көзделіп отыр. Одан кейін әрі қарай көлге ауысамыз. Қызығып жатқандар өте көп.
Ал Отырар елді мекенінің тұрғыны Ғабит Ермекұлы 7,5 млн теңге несиеге Ангус тұқымды 15 бас ірі қара сатып алған. Әрқайсысын 500 мың теңгеден алыпты. Қазір буаз сиырларды күтіп, баптап отыр.
Ғабит Ермекұлы, Отырар ауылының тұрғыны:
- Жергілікті малдарға қарағанда шөпті талғамайды. Ауа райына да бейім. Осы малдың басын көбейтіп, кәсіпті ары қарай жалғастырып, дамытсам деген ниетім бар.
Түркістан облысында 3 жылда «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 3900 жоба қаржыландырылды. Оған Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 30,2 млрд теңге бөлінді. Жауаптылардың айтуынша, 25 гектар аумақта 513 жылыжай кешені салынып, мал басы 74 мыңға көбейген. 39 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылып, 4 200 жаңа жұмыс орыны ашылған.
Бекжан Бисенбаев, "Түркістан" ӘКК" АҚ Басқарма төрағасы:
- "Ауыл аманаты" жобасы ауыл экономикасын дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға және серпін берген жүйелі бастама екені белгілі. Бағдарламаның жүзеге асуы өңірімізде айқын, әрі нақты нәтижелер көрсетті. Жалпы осы жобалардың есебінен жыл сайын 30 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі.
Биыл да бағдарламасы арқылы Түркістан облысында ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға қомақты қаржы қаралып отыр.
Жандос Жұмабек, тілші:
- Жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін ашқысы келетін кәсіпкерлерге қойылатын басты талап: тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашу. Олай болмаған жағдайда жұмсалған қаржы мемлекет пайдасына өндіріледі. Мәселен, соңғы 3 жылда мақсатсыз жұмсалған 4,8 млрд теңге кері қайтарылып, оның 4,6 млрд теңгесі қайта айналымға жіберілген. Соның есебінен 579 жаңа жоба қаржыландырылып, 600 жаңа жұмыс орыны ашылған.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш