Атырау облысында шағын және орта бизнесті қолдауға ₸ 2,2 млрд бөлінді
Былтыр Атырау облысының шағын және орта бизнесі 3,8 трлн теңгенің өнімін өндіріп, рекордтық көрсеткішке жетті.
Мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, түрлі бағдарламаға қатысқан кәсіпкерлер кәсіптің жаңа түрлерін игере бастады. Оның ішінде ірі мұнай-газ жобаларындағы қазақстандық үлесті арттыруға басымдық берілді. Сервистік қызмет және ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында жергілікті бизнесмендердің қатары артты. Былтыр кәсіпкерлік субьектілерін қолдауға жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді. "Ауыл аманаты" ұлттық жобасы да шағын кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигізді. Былтыр 83 жоба жүзеге асты. Жалпы өңірде 64 мың 700-ден астам шағын және орта бизнес нысанында 140 мыңдай адам жұмыс істейді.
Гүлім Шоқанова , кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы:
- Қызметтер бойынша басымдылық көтерме және бөлшек сауда да сату, көрсетілетін қызметтердің өзге де түрлерін ұсыну, тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу болады. Аудан арасында алатын болсақ, көшті бастап отырған Жылыой ауданы Құлсары қаласында 6 мыңға жуық тіркелген жене жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік нысаны бар. Биыл да шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерін қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлініп отыр.