Қазақстан арқылы 37 млн тонна транзиттік жүк тасымалданды
Былтыр елдегі транзиттік жүк тасымалы 37 млн тоннаға жуықтады.
Көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 6,6 пайыз артық. Бұл «Шығыс – Батыс», «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық дәліздерін және Транскаспий көлік бағытын дамытудың жемісі деп хабарлады Үкіметте. Жалпы былтыр елде автожолдарды жөндеу және салу бойынша рекордтық көрсеткіш орнатылып, 13 мың шақырымға жетті. Соның арқасында республикалық жолдардың 94 пайызының техникалық жағдайы нормативке сай. Сондай-ақ шекарадағы өткізу пункттерін модернизациялау жалғасып жатыр. 2027 жылдың аяғына дейін 37 өткізу пунктіндегі жұмыс аяқталады. Салада цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу қолға алынды. Бұдан бөлек, жол сапасын сақтау үшін 220-ға дейін автоматтандырылған өлшеу станциясы орнатылады. Қазір 71 станция жұмыс істеп тұр.