Көлікті қай кезде сатып алған тиімді? 

Бізде де көліктер жылдан жылға көбейіп келеді. Таңдап жүріп аласыз. Бағасы да әралуан. 

Дегенмен сарапшылардың айтуынша, белгілі бір маусымды күтсеңіз, темір тұлпарды тиімді бағада сатып алуға болады. Ол қай кез? 

Елде көлік саудасы қызып тұр. Автосалондарда таңдау мол. Былтыр шетелдік және отандық өнімдерді қоса алғанда, 235 мыңға тарта көлік сатылған. Дегенмен баға біркелкі емес. Кейбір айда сұраныс күрт артып, баға шарықтаса, кейде сатушылар тауарды өткізе алмай, жаппай жеңілдік ұсынып әлек болады. Сондықтан қаражатты үнемдеу үшін белгілі бер маусымды күткен абзал. Сарапшылар осындай кеңес береді. Олардың айтуынша, өткен жылдың аяғында автосалондар түрлі акция ұйымдастырып, бағаны түсірген. Өйткені компаниялар жылдық жоспарды барынша орындап үлгеруге және жаңа жылдан кейін шығатын көліктерді тасымалдауға асығады.

Санат Нұрбаев, автосарапшы:

- Желтоқсан-қараша айларында автосалондар түрлі акция жасады. Алғашқы жарнасыз, тіпті 50 пайызын төлесеңіз, қалғанын бөліп төлеу немесе 0,4 пайызбен беру сияқты жеңілдіктер болды. Көліктің бағасы 2-3 млн тг дейін құлады. Бұған жылдың соңы бар, 2026 жылғы көліктер келе бастады. Осы да әсер етті. Тіпті Қытай көліктерінің көптігі де бағаға әсер етті. 

Қазақстанға ең көп көлік экспорттаған елдер 

Былтыр қаңтар-шілде аралығында қазақстандықтар шетелдің бастапқы және екінші нарығынан 135 мыңға жуық жеңіл көлік сатып алған. Finratings.kz сайтының мәліметі осындай. Ондағы сарапшылар Қазақстанға темір тұлпарды ең көп сатқан серіктес мемлекеттердің тізімін жасады. Көш басында Қытай тұр. Өткен жылдың 7 айында аспан асты елінен 95 мыңға жуық көлік жеткізілген. Одан кейінгі саты АҚШ-қа тиесілі. Мұхиттың арғы бетінен 13 мыңға жуық көлік тасымалданған. Алғашқы үштікті Жапония түйіндеп тұр. Күн шығыс елі Қазақстанға 10 мыңнан астам темір тұлпар сатқан. Тізімді одан әрі Оңтүстік Корея, Ресей, Германия, Канада, Мексика, Словакия және Ұлыбритания жалғайды. Қазақстан импортпен шектелмей, отандық өндіріс орындарында құрастырылған көліктерді шетелге экспорттап та жатыр.

Ербол Сейпілов, «Qazautostandart» автомобиль сарапшылары мен аудиторлар қауымдастығының президенті:

- 2020-2025 жылдардың арасында 40 мыңнан астам автокөлік экспортталған. Бұл Орталық Азия мемлекеттері және Еуразиялық экономикалық Одақтағы мемлекеттерге экспортталған көліктер. 

Елде электромобиль құрастырылады

Елде электр көілктеріне сұраныс аз емес. Еnergyprom.kz мониторинг агенттігінің мәліметіне сүйенсек, былтыр қаңтар-шілде аралығында мұндай 7 мыңға тарта көлік тіркелген. Оған дейін сатып алынған электромобильдерді қоса алғанда, барлығы 20 мыңға жуықтады. Дегенмен автопарктегі үлесі 1 пайызға да жетпейді. Батареямен жүретін әрбір 10 көліктің алтауы Алматы қаласына тиесілі. Одан кейін Алматы облысы мен Астана тұр. Ал электромобиль ең аз қолданылатын аймақтар қатарына Абай мен Ұлытау облыстары кіреді. Елдегі зауыттар қазір мұндай көлік түрлерін құрастыруға қабілетті. Тек тапсырыс көлемі артса, жеткілікті, дейді сарапшы.

Ербол Сейпілов, «Qazautostandart» автомобиль сарапшылары мен аудиторлар қауымдастығының президенті:

- Қазіргі таңда бізде электромобиль шығару жолға салынған. Яғни шығарылады ол көліктер. Проблема жоқ. Электромобильдің қозғалтқышынан басқасының барлығы жай көліктермен бірдей, сондықтан ешқандай күрделілік жоқ. Шығара беруге болады электромобильдерді. Тапсырыс болса болды. 

Қазақстанда алюминий диск өндіріледі 

Көлік доңғалағының аллюминий дискісін енді өзіміз жасаймыз. Жобаны америкалық Open Element, кореялық Hands Corporation және қазақстандық Astana Motors компаниялары жүзеге асырады. Жаңа зауыт автомобиль өнеркәсібі саласы бойынша импортқа тәуелділікті азайтуға тиіс. Шетелдік серіктестер жобаны Қазақстанда жүзеге асыру себебін елдегі автомобиль өндірісінің тұрақты өсуімен байланыстырып отыр.