Өндірушілерді қолдау көлемі кеңейіп жатыр

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі өзінің сақтандыру көлемін 900 миллиард теңгеге дейін арттырды.

Бұл былтырмен салыстырғанда 220 миллиард теңгеге көп. Нәтижесінде агенттік ұзақмерзімді экспорттық бағдарламаларды жүзеге асыратын болады. Жыл басынан бері ұлттық компания отандық өндірушілерге 80 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетті.

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі тарапынан қолдау көріп отырған кәсіпорынның бірі «Шай орталығы». Компания 1998 жылдан бері жұмыс істейді. Өндіріс толық циклді шикізатты сатып алудан бастап дайын өнімді қаптап, буып-түюге дейін қамтиды. Өнімді Үндістан, Цейлон мен Кенияның таңдаулы шәй плантациясынан жеткізеді.

Замир Шапулин, "Шай орталығы" ЖК атқарушы директоры:

- Осы агенттіктің арқасында ай сайынғы өнім көлемін 50-ден 100 тоннаға дейін арттырдық. Біз жақында Ресейдегі танымал сауда желілеріне кіруді бастадық. Агенттік дебиторлық берешекті сақтандыру бойынша қолдау көрсетіп отыр. 

Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі – еліміздің шикізат емес экспортын қолдайтын ұлттық институт. Агенттік отандық кәсіпорындардың экспорттық келісімшарты мен дебиторлық берешегін сақтандырады. Банктен қаржы тартуға кепілдік береді және сыртқы сауда мәмілесінің орындалуын қамтамасыз етеді.

Мұхтар Жәмішжанов, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі баспасөз қызметі басшысының орынбасары:

- 2025 жылдың қортындысы бойынша агенттік 650 млрд теңгеге қолдау көрсетті. Нақты қолдау 120 компания тарапынан табылып отыр. Оның портфельдегі үлесі 70 пайыздан асады. Біз металлургиядан бастап, жеңіл өнеркәсіпке дейінгі секторларды қамтып отырмыз. Бізден қолдау тапқан компаниялар Орталық Азиядан бастап, Солтүстік Америка Еуропа елдеріне экспорттап жатыр. 

Кейінгі 10 жылда Агенттік 300-ден астам экспорттаушыны қолдады, ұлттық компания портфелінің 70 процентке жуығы шағын және орта бизнеске тиесілі.

Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон