«Жасыл» энергетика саласындағы келісім ратификацияланды
Елімізде жаңартылатын энергия көздері артады. Қарағанды, Түркістан, Павлодар облыстарында жел және күн электр станциялары салынбақ.
Алдағы ауқымды жобаларды қазақ-қытай бірлесіп іске асыруға ниетті. Осы мақсатта бүгін сенат Қазақстан мен Қытай арасындағы "жасыл" энергетика бойынша ірі келісімді ратификациялады. Маңызды құжатта көрсетілген бастамалардың жалпы қуаты 1,8 гигават. Мұндай көлемдегі қуат саладағы тапшылықты жоюға мүмкіндік жасап қана қоймай, бірқатар өңірлердің инфрақұрылымдық дамуына серпін береді. Жобаларды іске асыруға салынатын инвестициялардың жиынтық көлемі 2,2 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Жалпы, алдағы 4 жылда елдің энергиялық баланстағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін кемінде 15 пайызға жеткізу көзделген.
Сұлтан Дүйсембинов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Заңда ірі жобаларды іске асырудың арнайы тәртібі қарастырылған. Бұл нормалар жобалардың ауқымы мен техникалық күрделілігін ескере отырып енгізілген сондай-ақ қаржылық тұрақтылық, техникалық мүмкіндіктер және жаңартылатын энергия саласындағы дәлелденген тәжірибе секілді инвесторларға да нақты талаптар қойылады. Ең бастысы, бұл бастамалар Қазақстанның 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жөніндегі міндеттеріне және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі стратегиялық мақсаттарына толық сәйкес келеді.