Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы екі бекет тәулік бойы жұмыс істейтін болды

Фото: depositphotos.com

Мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды «24KZ».

Құжатқа 2024 жылғы 8 тамызда Астанада қол қойылған.

Хаттамаға сәйкес, «Сырдария – Малик» және «Целинный – Ок олтин» өткізу пункттерінің мәртебесі «екіжақты» деңгейден «халықаралық (көпжақты)» деңгейге ауыстырылады. Сонымен қатар олардың жұмыс режимі «күндізгі уақыттан» «тәулік бойы» қызмет көрсетуге өзгереді.

Бұл өзгерістер шекара өткізу бекеттерінің өткізу қабілетін арттыруға, жүк және жолаушылар тасымалын жеделдетуге, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы транзиттік-көліктік әлеуетті дамытуға бағытталған.