Қазақстанда электр энергиясын өндіру тұтынудан 20%-ға артады

фото: ЖИ

Қазақстанда 2029 жылға дейін жалпы қуаты 13,3 ГВт болатын жаңа энергия көздерін іске қосу жоспарланып отыр. Бұл елдің электр энергиясына деген сұранысын толық қамтамасыз етіп, өндіріс көлемін тұтынудан 20%-ға арттыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс мәлімдеді.

Жоспарға сәйкес, жаңа қуаттардың 7,4 ГВт-ы дәстүрлі электр станцияларына, ал 5,9 ГВт-ы жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі болады. Қосымша қуаттар халық пен экономиканың сұранысын өтеуге, сондай-ақ жасанды интеллект инфрақұрылымы мен ірі деректерді өңдеу орталықтарын электр энергиясымен қамтамасыз етуге бағытталған.

Жалпы алғанда, 2029 жылға дейін жоспарланып отырған жаңа қуаттарды іске қосу іс-шаралары экономика мен халықтың электр энергиясына деген барлық қажеттілігін, оның ішінде энергияны көп қажет ететін жасанды интеллект инфрақұрылымы мен ірі ДӨО-ларға да жеткізуге, сондай-ақ өндіруші қуаттардың 20%-дық профицитін қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді вице-министр.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанның электр қуатының басым бөлігі дәстүрлі энергия көздерінен өндіріледі. Атап айтқанда, көмір электр станцияларының қуаты – 13,7 ГВт, газ электр станцияларыныкі – 7,1 ГВт, ал ірі су электр станцияларыныкі 2,5 ГВт. Жаңартылатын энергия көздерінің жалпы қуаты 3,8 ГВт-қа жеткен.

2026 жылдың алғашқы тоғыз айында елде өндірілген электр энергиясының жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 8,5%-ды құрады. Бұл жоспарланған 7%-дан жоғары.

Сонымен қатар 2035 жылдың соңына дейін жалпы қуаты кемінде 8,4 ГВт болатын жаңа жаңартылатын энергия көздерін іске қосу көзделген. Оның ішінде күн электр станцияларының қуаты шамамен 1,8 ГВт болады.

Сондай-ақ оқыңыз: