Саудада инвестиция көлемі артты

Еуропа, Азия, ТМД елдері. Бұл – Қазақстанның өнімін импорттап отырған мемлекеттердің алды.

Былтыр сыртқы тауар айналымы 143 млрд доллардан асты. Ал ел ішіндегі сауда-саттық 80 трлн теңгеге жеткен. Бұл сала жаңғыртылып жатыр. Әсіресе отандық өндірушілерді қолдау жолға қойылды. 

Кейінгі үш жылда ішкі сауда саласына инвестиция көлемі 1 трлн 229 млрд теңгеге артты. Яғни 42 пайызға көп. Бизнес өкілдері сауда секторын нығайтуға күш салып жатыр. Нәтижесіз емес. Саланың экономикадағы үлесі 26 пайызға артқан. Өткен жылы ел ішіндегі сауда-саттық 80 трлн теңгеге жетті.

Көтерме 53,5 трлн, ал бөлшек сауда 26,4 трлн теңгеге тең. Дүкен сөрелеріндегі отандық әлеуметтік маңызы бар тауарлар үлесі 80 пайыздан асады. Үкімет те қарап отырған жоқ. Бұл секторды жаңғыртуға басымдық беріп жатыр. 2030 жылға дейінгі Сауда саясатының тұжырымдамасы қабылданды. Кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау бар. Банктер арқылы 4,3 млрд теңге бөлінді. Оған 460 жоба жүзеге асырылады. Уақыт талабына бейімдеу үшін сауда нысандарының бірыңғай стандарты жасақталды. 

Елде сауда орталықтары көбейді

Бүгінде елде сауда орталықтары екі есе көбейді. Құны да 75 пайызға артқан. Былтыр 224 млрд теңгеге 680-ге жуық сауда-ойын сауық орталығы, супермаркет, жабық базарлар бой көтерген.

Ал болашақта отандық жаңа брендтерге сауда орындары мен сөрелерге жеңілдікпен шығуға жағдай жасалады. Сауда және интеграция министрлігі шағын бизнесті қолдауға бағытталған жаңа өзгерістерді қоғамдық талқылауға шығарды. Онда субсидия немесе кепілдік алған сауда нысандары 1 жыл бойы жалдау ақысын көтермеуге тиіс. Сондай-ақ айналым қаражатын толықтыру кезінде тауар, шикізат пен материалды тек қазақстандық өндірушілерден алу міндеттеледі. Бұл ішкі кооперацияны күшейтіп, импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Отандық өнім экспортына қолдау бар

Биыл Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі отандық өндірушілерді сақтандыру көлемін 1 трлн теңгеден асырмақ. Бұл былтырғыдан 2 есе көп. Сауда министрлігі сыртқы нарықтарды кеңейтуге бейіл. ЕАЭО, Еуропа, Орталық Азия және Қиыр Шығыс елдерімен сауда-экономикалық байланысты бекемдеу бойынша келісімдер жасалып жатыр. Отандық өнімдерді өндірушілер мен жеткізушілерге қолдау көрсетіледі. Өткен жылы 110-ға тарта экспорттаушының 6 млрд теңгеден астам шығыны өтелді. Әзірге сыртқы сауда балансының оң сальдосы 14 млрд долларды құрайды.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Жаһандық сын-қатерлердің сақталуына қарамастан, сыртқы тауар айналымы 1,3%-ға өсіп, 143,9 млрд АҚШ долларына жетті. Шикізаттық емес экспорт 1,2%-ға өсіп, 41 млрд АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар шикізаттық емес тауарлар экспорты өткен жылдың деңгейінде сақталып, 28,7 млрд АҚШ долларын құрады. Қызметтер экспорты 3,7%-ға өсіп, 12,3 млрд АҚШ долларына жетті.

Сауданы цифрландыру бағыты

Сауда секторын сандық тұрғыда дамытуға да басымдық беріледі. Өнімдер мен қызметтердің жалпы классификаторы енгізіледі. Ұлттық тауарлар каталогы жасақталып жатыр. 

Әсет Нүсіпов, ҚР Сауда және интеграция министрінің орынбасары:

- Қазір тауарлардың Ұлттық каталогын толтыру жұмысы жалғасып жатыр. Күн сайын жүздеген мың карта толтырылады. Сонымен қатар жасанды интеллектке негізделген жүйе деректерді қабылдаудың бар-жоғын бақылайды. Оларды енгізудің толықтығы мен сапасын бағалайды. Бұл жұмыс Қаржы орталығымен ынтымақтастықта жүзеге асып жатыр.

Сауданы цифрландыру бағыты

Гугл салығын төлемеген шетелдік компаниялар бұғатталады. Елде сандық қызметтер салығын төлеуге міндетті 120 шетелдік ұйым бар. Былтыр олар бюджетті 57 млрд теңгеге толтырды. Биылғы қаңтарда 8,7 млрд теңге түсті. Жаңа салық кодексі аясында ҚҚС төлеуге міндетті шетелдік ұйымдар бақылауға алынады. Міндетін дұрыс орындамағандармен келісім бұзылуы ықтимал.