Елде майлы дақылдардың 90 пайызы өңделеді

Майлы дақылдарды көбейтіп жатырмыз. Енді шикізат түрінде емес, дайын өнім күйінде экспорттаймыз.

Отандық кәсіпорындар жиналған өнімнің 90 пайызын өңдей алады. Алдағы жылдары Орталық Азияда май өнімдеріне сұраныс тағы артуы ықтимал. Демек экспорт көлемін одан әрі еселеуге мүмкіндік бар. 

Қазақстанда өсірілген майлы дақылдар енді шикізат күйінде ғана экспортталмайды. Отандық кәсіпорындар жыл сайын жиналған өнімнің 90 пайызын өңдеп жатыр. Сөйтіп шетелге дайын және қосылған құны жоғары тауар сатуға көшті. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне қарағанда, былтыр елде 4,8 млн тонна майлы дақыл жиналды. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Ал дәл осы шикізатты өңдеумен айналысатын 90 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олар былтыр 890 мың тоннаға жуық өнім шығарған. Алдыңғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда, 17 пайызға ұлғайды. Өңдіріс орындары тағы көбейеді. Вице-министр Ербол Тасжүрековтің айтуынша, майлы дақылдарды өңдеуге арналған 13 инвестициялық жоба күтіп тұр. Олардың жалпы құны 94 млрд теңге шамасында.

Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Майлы дақылдар бойынша бізде өңдеу жұмысы өте қарқынды жүріп келе жатыр. Өздеріңіз байқағандай, соңғы 3 жылда экспорт әлеуетін 2 есе ұлғайттық. Алдымыздағы 3 жылда біздің инвесторлардың айтып жатқан ұсыныстары бойынша және бізге беріп жатқан уәделері бойынша Қазақстан экспорттаушы елдердің ондығына кіретін болады.

Майлы дақылдар алқабы кеңейді

Майлы дақылдардың көбі Қостанай, Павлодар, Ақмола, Абай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі. Диқандар былтыр 4 млн гектарға жуық алқапты пайдаланған. Алдыңғы жылдағыдан 37 пайызға кеңейіп отыр. Қазақстанның өніміне шетелден сұраныс толастаған емес. Әсіресе Орталық Азия елдері және Қытаймен сауда-саттық қызып тұр. Кейінгі екі жыл ішінде өсімдік майы мен шрот экспорты 1,3 млн тоннадан асты. Ол 837 млн АҚШ долларына бағаланған. Майлы дақылдардың шикізат күйінде емес, дайын өнім ретінде нарыққа шығарылуы ел экономикасына оң әсер етіп, отандық кәсіпорындардың да дамуына ықпал етіп жатыр.

Орталық Азияда май өнімдеріне сұраныс артады

Қазақстанның күнбағыс майын сатып алатын ең ірі серіктес ел - Өзбекстан. Былтыр алашапанды ағайын шетелден 600 мың тоннаға жуық өнім импорттаса, соның 98 пайызы - біздің тауар. Дүниежүзілік банк жүргізген зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, 2050 жылға қарай Орталық Азияда май өнімдеріне деген жылдық сұраныс 2 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін. Бұл қазақстандық кәсіпорындар үшін ұтымды болғалы тұр. Тағы бір тартымды нарық - Ауғанстан. Отандық бизнес өкілдері ол жаққа бидай мен май өнімдерінің тасымалын арттыру мәселесін қарастырып жатыр. Ауғанстан үкіметі үшін де қазақстандық кәсіпкерлермен делдалсыз жұмыс істеген тиімді, - дейді мамандар.

Андрей Антонов, Қазақстан Май өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры:

- Климаттық жағдайларға байланысты Өзбекстан өзін май өнімдерімен қамтамасыз ете алмайды. Демек импортқа тәуелді. Біз осы мүмкіндікті пайдаланып, өнімдерімізді Өзбекстанға сатамыз. Негізінен күнбағыс майы мен малға берілетін жоғары сұрыпты қоспаларды экспорттаймыз. Қазақстан былтыр млн тоннаға жуық май өнімдерін сатты. Алдағы уақытта көрсеткішті көбейту жоспарланып отыр.

Шикізат өңдеушілерді қолдау шаралары

Қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету және өнімнің қосылған құнын арттыру мақсатында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Кәсіпкерлердің айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдетілген несие беріледі. Сондай-ақ қосылған құн салығының мөлшерлемесі 80 пайызға төмендетілді.