Қазақстан әлемдегі экономикасы ірі 50 елдің қатарына қосылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік экономикадағы тұрақсыздыққа қарамастан былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 306 миллиард доллар болғанын айтты.
Бұл – ТМД елдері арасындағы екінші орын, ал осы аймақтағы елдер арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Аталған межеге жетуге мемлекетіміздің жаңа индустриялық, энергетикалық және инфрақұрылымдық саясаты себеп. Яғни болашақта көрсеткішіміз жақсара түсуі мүмкін. Беделді халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары биыл жалпы ішкі өнімі 320 миллиард доллар болады деп болжап отыр. Бүгінде алтын-валюта қоры – 74 миллиард долларға, ал жалпы жинақталған қор 139 миллиард долларға жетті. Президент бұл көрсеткішке әлемдегі әскери қақтығыстар мен сауда соғыстарына қарамастан қол жеткеніне тоқталды. Сарапшылар да экономиканың тұрақтылығы халықаралық аренада биік бағаланады деген пайымда.
Әділжан Мұстафин, Экономикалық зерттеулер институты әлемдік экономиканы зерттеу орталығының сарапшысы:
- Еліміздің макроэкономикалық орнықтылығы – маңызды факторлардың бірі. Биылғы ақпан айының соңында Қазақстанның халықаралық резерві 139 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл – қаражат әлемдегі күрделі ахуалдарды оңай еңсеруге көмектесіп, сыртқы ахуалдардың экономикаға әсерін төмендететін қор. Қазақстанның дәл осы орнықтылығы әлемдік экономикадағы тұрақты, мықты ойыншы екенін көрсетеді.
Халықаралық валюта қоры деректеріне сүйенсек 2000-2025 жылдары Қазақстан нақты жалпы ішкі өнім өсімі бойынша жылына орта есеппен 5,6 пайыз көрсетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізген. Экономикасы ірі мемлекеттер қатарына Қытай, Германия, Жапония мен Үндістан кіреді. Ал АҚШ бұл бағытта көш бастап тұрған алып ел болып қала береді. Әлемдік рейтингте Құрама Штаттардың экономикасы 30,6 трлн долларға бағаланған.