Картоптың 60-қа жуық түрі өсіріледі

Наурыз - молшылықтың мерекесі. Дәл осы мезгілде егістік жұмыстары басталады. Диқандар соқа-сайманын әзірлеп, жер жыртып, тұқым себуге кірісе бастайды.

Ең бастысы қазір егістіктен алар өнім молайып келеді. Өйткені салаға ғылым араласа бастады. Алқапта жаңа сұрыптар өсіріліп, диқандар өзге елдердің озық әдістерін меңгеріп жатыр.  

Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның ғалымдары сапалы картоп тұқымдарын бірлесе өсіріп, нарыққа шығарады. Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен шетелдік компания арасында меморандум жасалды. Соның аясында елге озық технология жеткізіліп, отандық өнім үлесін кезең-кезеңімен арттыру көзделіп отыр.

Мамандардың айтуынша, тәуелсіздік жылдарына дейін қазақстандық картоптың екі-ақ сұрпы болған. Ал қазір солардың қатары 60-қа жуықтады. Алайда өндірістік мақсатта өте аз қолданылатын. Енді күрт артады. Жоба бойынша вируссыз бастапқы материал өндіру, шағын түйнек өсіру, сапалы тұқымдық картоп өндірісін дамыту міндеті тұр. Сұранысқа ие шетелдік картоп түрлерін де өзімізде көбейту ұмыт қалмайды.

Теміржан Айтбаев, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы:

- Суперэлита тұқымды элиталық тұқым шаруашылықтары сатып алады. Элиталық тұқымды І, ІІ репродукция өсіретін шаруашылықтар сатып алады. Одан кейін қатардағы шаруашылықтар сатып алады. Осы технологияны пайдалана отырып, біз отандық сұрыптарды, Ресейдің сұрыптарын, Оңтүстік Кореяның сұрыптарын, сонымен қатар Нидерланды мен Германияның үздік сорттарын көбейтетін боламыз. Өйткені бірқатар шаруашылық шетелдік тұқымдарды өсіруді қалайды. Сондықтан оларға да шектемей, тек қазақстандық сорттарды емес, шетелдік сорттарды көбейтетін боламыз.

Жыл сайын 500 мың тонна тұқым қажет

Елдегі картоп алқабы 130 мың га шамасында. Шаруаларға жыл сайын 450-500 мың тонна тұқым қажет. Соның ішінде 20 мың тоннаға жуығы - суперэлита және элита тұқымдары. Мұндай өнімдердің негізгі бөлігі Нидерланды мен Германиядан импортталады. Әр келісі шамамен - 650-700 теңгеден. Жол шығынын қоса есептегенде, мың теңгеге таяп қалады. «Ал отандық тұқым бұдан кемінде 5 есе арзан болады», - дейді ғалымдар.

Сонымен қатар заманауи әдіс-тәсілдер арқылы жаңа сұрып шығару мерзімі қысқарады. Бұрын бұл мақсатқа 10-15 жыл кетсе, енді уақытты 2 есе үнемдеуге мүмкіндік бар. Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен корей компаниясының өзара міндеттері нақтыланды. Келісімшарт мерзімі 20 жылды қамтиды. Шетелдіктер біздің елге озық технологиясын тегін ұсынады. Бұған қоса отандық мамандардың тәжірибесін жетілдіру міндетін алады. Есесіне өндірістен түскен табысты тараптар тең бөледі. Алғашқы өнімдерді 2027 жылдан бастап сатылымға шығару жоспарланған. Ең алдымен ішкі нарық толық қамтамасыз етіледі. Кейін артылғаны экспортқа бағытталуы мүмкін.

Теміржан Айтбаев, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасы:

- Жиырма жыл бойына 50/50% сол күйінде қалатын болады. Бұл жерде алғашқы он жылда Оңтүстік Кореяның ғалымдары, доктор Сонның мамандар бұл жобаға жетекшілік етеді. Солардың ұйымдастыруымен жүргізіледі. Өйткені олардың тәжірибелері мол ғой. Ал екінші он жылдан бастап отандық ғалымдар, отандық технологтар жүргізеді. Өйткені оған дейін тәжірибе алмасып, бәрін біліп, үйреніп аламыз.

Елдің оңтүстігінде егістік науқаны басталды

Оңтүстік аймақтарда егістік науқаны басталып кетті. Мәселен, Түркістан облысының өзінде диқандар 7 мың гектар алқапқа көкөніс пен картоп егіп үлгерген. Биыл елде көктемгі далалық жұмыстар үшін 700 млрд теңге қарастырылып отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, егістік науқанын қаржыландыру шаралары әдеттегіден ерте басталған. Соның нәтижесінде шаруалар құрал-сайманын ерте сайлап алды. Егістіктің жалпы аумағы 24 млн гектарға жуықтайды. Шаруаларға жеңілдетілген несиемен қатар арнайы техникаларды лизингпен беру үшін 300 млрд теңге жұмсалады. Сондай-ақ 2,3 млн тонна тыңайтқыш беріледі. Былтырғымен салыстырғанда 500 мың тоннаға артып отыр. Екі жыл бұрын минералдық тыңайтқыштарды субсидиялаудың аванстық тетігі енгізілген еді. «Бұл химия саласының дамуына оң ықпал етті», - дейді мамандар.

Диқандарға дизель отыны 15% арзан беріледі

Егістік науқаны қарсаңында агроқұрылымдар тарапынан түскен электрондық өтінімдер негізінде 400 мың тоннадан астам дизель отыны дайындалды. Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, оның бағасы нарықтағыдан 15 пайызға төмен. Яғни, әр литрі 281 теңге болып бекітілді.