Отандық өндіріс көлемі 260 млрд теңгеге жетті
Елде өңдеу өнеркәсібіндегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі 0,8 пайыз. Кейінгі бес жылда бұл сала тоқыма өндірісі есебінен қарқынды дамып жатыр.
Былтыр өндіріс көлемі 13 пайызға өсіп, 260 млрд теңгеге жетті. Жеңіл өнеркәсіптің 60 пайыздан астамын тоқыма өндірісі құрайды.
Жеңіл өнеркәсіптің қалған 40 пайызы киім, аяқ киім және былғары бұйымдарын шығаратын кәсіпорындардың үлесінде.
Үкімет Саланы дамыту мақсатында мақта, тері, синтетикалық талшық өндірістерін кеңейтуді көздеп отыр. Қосылған құны жоғары тауар шығаруды ұлғайту жоспарланған. Бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, жеңіл өнеркәсіпті дамытудың кешенді бағдарламасын әзірлеу туралы шешім қабылданды.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі:
- Жеңіл өнеркәсіп біз үшін халықты жұмыспен қамту тұрғысынан өте маңызды. Мысалы, Түркістанда, елдің ең көп қоныстанған облысында жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының саны көп. Олардың одан әрі дамуымен жергілікті халықты жұмыс орындарымен және лайықты жалақымен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бизнеспен бірлесіп, жеңіл өнеркәсіпті дамыту бағдарламасын әзірлеуді бастауы қажет. Құжатта базалық кәсіпорындар, олардың ағымдағы көрсеткіштері мен мақсатты бағдарлары анықталуы керек.
Былтыр елде мақтаның 466 мың тоннаға тең рекордтық көлемі жиналды. 116 мың тонна мақта талшығы, 500 тонна иірілген жіп, 5,2 млн шаршы метр мата және 28,6 млн бірлік дайын тоқыма бұйымы өндірілді. Мысал ретінде, бір тонна мақта талшығын қайта өңдеу 1650 бірлікке дейін дайын тоқыма өнімін шығаруға мүмкіндік береді. Шикізатты толық қайта өңдеу арқылы қосылған құн 1 млрд 670 млн долларға жетуі мүмкін. Нәтижесінде 5 мыңға дейін жұмыс орнын құруға ықпал етеді.
Олжас Нұралдинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жұманғарин мырза салықты төлеу саны көбейді деп айтты ғой. Алайда біз бәріміз түсінуіміз керек, ол – тек 2025 жылдың нәтижесі. Ал 2025 жылы жаңа Салық Кодексі енген жоқ. Сондықтан 2026 жылдың 1 кварталынан кейін көреміз. Мемлекетіміз, жеріміз бай. Халқымыз дарынды. Оның бәрін біз қолдануымыз керек. Сонымен қатар 50, 30, 20 дамыған мемлекеттердің арасына кіру біздің мақсатымыз болуы керек. Қазіргі конституциялық реформалар өте дұрыс деп ойлаймын.
Салада оқшаулау өндірісі, тоқылған полипропилен геокенеп өндірісі және тоқыма мақта-мата иірілген жіп өндірісі сияқты жобалар іске асып жатыр. Алайда оң динамикаға қарамастан, бірқатар мәселенің бары жасырын емес. Олар шикізат базасын дамытуға, өндірісті жаңғыртуға, сатып алу тетігін жетілдіруге және қаржылық қолдау шараларын кеңейтуге қатысты. Сала кәсіпорындары өндірісті кеңейтуге және жоғарыда айтылған түйткілдерді шешу үшін мейлінше атсалысуға дайын екендігін растады.