Қазақстан мен Қытай тауар айналымы $48,7 млрд жетті
Қазақстан Қытайға экспортты күшейтіп жатыр. Кейінгі үш жылда екіжақты тауар айналымы тұрақты әрі қарқынды өсіп, 48,7 млрд долларға жетті.
Қытайға ресми сапармен барып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының форумына қатысқан Сауда және интеграция министрі осылай деді. Форум аясында Арман Шаққалиев Шань-дун провинциясының вице-губернаторы және Циндао қаласының мэрімен кездесті. Келіссөз барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылады. Бұдан бөлек, шара аясында Арман Шаққалиев отандық өндірушілеріміздің өнімі ұсынылған Қазақстанның ұлттық павильонын аралады. Бұл экспозиция елдің экспорттық әлеуетін және ел компанияларының Қытай нарығындағы белсенділігін кеңейтуге дайындығын айқындайды, - деді министр.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Қытай – Қазақсатнның ең ірі сауда серіктесі. Мемлекеттер басшыларының жетекшілігімен екі ел арасындағы қарым-қатынас мәңгі жан жақты стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Бұл тауар айналымының тұрақты өсімімен, инвестициялық ынтымақтастықтың кеңеюімен және өнеркәсіптік кооперацияның тереңдеуімен айқын көрінеді. Біз Қытайды негізгі әрі басым серіктес ретінде қарастырамыз. Сондай-ақ бірлескен күш-жігер арқылы өзара іс-қимылды жаңа деңгейге көтереміз деген сенім мол.