Машина жасау: өндіріс өркендеп келеді
Машина жасау өндірісі былтыр 5,7 трлн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 13%-ға өсті.
Отандық өндірушілер сыртқы нарыққа белсенді шығып жатыр. Кейінгі 5 жылда экспорт көлемі 3 млрд доллардан асқан. Бұл туралы Қазақстан машина жасаушыларының форумында айтылды. Іс-шараға Үкімет басшысы Олжас Бектенов қатысты. Қазір елде 4 мыңға жуық зауыт жұмыс істейді, онда 130 мыңнан астам маман еңбек етеді. Негізгі капиталға тартылатын инвестиция 376 млрд теңгеге жетті. Бұл саланы әрі қарай жаңғыртуға негіз болады. Форумға ондаған елден 1300-ден астам делегат келді. Премьер-министрдің айтуынша, машина жасау саласын дамыту үшін болжамды әрі тұрақты орта қалыптасады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр. Локализация деңгейін арттыру және қосылған құны жоғары өнім шығару мемлекеттің басым бағыты болып қала бермек. Одан бөлек жаңа буын инженерлерін даярлауға басымдық беріліп, адами капиталды дамытуға баса назар аударылуда. Білім беру гранттарының 60%-дан астамы инженерлік және IT-мамандықтарға бағытталған.