Еліміздің кей өңірінде жол құрылысы басталды 

Елдің оңтүстігі мен батыс өңірлерінде жол құрылысы басталды. Ал өзге аймақтарда маусымға дайындық жүріп жатыр.

Көлік министрлігінің мәліметіне қарағанда, биыл 12 мың шақырымға жуық жол салу және жөндеу жоспарланып отыр. Солардың ішінде 8 мың шақырымы республикалық, ал қалғаны жергілікті маңызға ие. Халықаралық бағыттағы транзиттік әлеуетті нығайтатын ірі инфрақұрылымдық жобалар да жалғасады. Мәселен, Түркістан облысында Сарыағаш айналма жолының құрылысы қолға алынды. Бұл жоба қала ішіндегі көлік ағынын азайтады және Өзбекстанға өтетін жүк транзитін жылдамдатады. Жол төрт жолақты болады. Ал ұзындығы 100 шақырымнан асады.

Қуатжан Жұматаев, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Қарқындылық өте үлкен болғандықтан Сарыағаштың айналма жолын бастаймыз. Жол төрт жолақты болады. Ол жерде жол-көлік оқиғалары азаяды. Құрылыс 2026 жылы басталып, 2030-да аяқталады дейді. Алайда мамандар сөйлестік, 2028-2029-да бітіріп қалуға да болады деп отыр.

Қосалқы мердігерлердің үлесі қысқартылды 

Жол саласындағы алпауыт компаниялар енді құрылыс жұмысының тең жартысын қосалқы мердігерлерге ысырып тастай алмайды. Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа Заң олардың жауапкершілігін арттырып отыр. Бұған дейін қосалқы ұйымдар жобаның 50 пайызын орындай алса, енді олардың үлесі 30 пайызға дейін қысқартылды. Сонымен қатар конкурсқа өтінім берген кезде ол компанияны нақты көрсету міндеттеледі. Ал тендер ең төмен баға ұсынғандарға ғана тиесілі деген қағида жоқ. Компаниялар жоба құнын 2 пайыздан артық түсіре алмайды. Конкурс негізінде ең алдымен, олардың қаржылай тұрақтылығы, материалдық-техникалық базасы, кейінгі он жылдағы нәтижесі, жұмысшылардың саны мен тәжірибесі ескеріледі. Бұған қоса, жаңа құжат жергілікті компанияларға басымдық береді және жүктемесі көп бола тұра тағы тендерге таласатындардың тәбетін тежейді. 

Мейрамбек Таңжарықов, ҚР Қаржы министрлігінің департамент директорының орынбасары:

- Конкурс Алматы облысында өткен жағдайда Алматы облысының өнім берушілерінде бұл конкурсты жеңу ықтималдығы жоғары болады. Яғни біз жергілікті өнім берушілерді қолдай отыра, басқа өңірден келіп, қолында белгілі бір техникасы жоқ, болмаса еңбек ресурстары жоқ өнім берушілердің конкурста жеңімпаз атану мүмкіндігін төмендетеміз. Бұдан бөлек, мына теріс мәндегі өлшем шарттар бар. Яғни неғұрлым өнім берушінің қолданыстағы шарты көп болса, соғұрлым оның келесі конкурстарда жеңу ықтималдығы азаяды. 

Жол сапасы 5 саты бойынша тексеріледі 

Құрылыс маусымы кезінде ақылы жолдардан анықталған ақауларды жою жұмыстары да жүргізіледі. «ҚазАвтоЖол» мекемесінің хабарлауынша, мұндай 14 учаске анықталған. Сол жолдар қалпына келтірілгенге дейін жүргізушілер тегін қатынай алады. Көлік министрлігі мамандарының айтуынша, салада құрылыс сапасы 5 саты бойынша тексеріледі. Ең алдымен, мердігер, кейін авторлық және техникалық қадағалаушылар қарайды. Содан соң Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мен тапсырыс беруші зер салады. Былтыр құрылыс материалдарынан 40 мыңнан астам сынама алынып, солардың 16 пайызы талапқа сай келмейтіні анықталған. 

Мейірхан Бекесов, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің бас сарапшысы:

- Одан бөлек, жолдағы ақаулықтар. Қателеспесем, 6 мыңға жуық ақаулық табылды. Оның ішінде сол жылы қабылданатын нысандарда барлығы жойылды, қалпына келтірілді. Қалған бөлігі, яғни келесі жылы, одан кейінгі жылға қалған жолдарды қолайлы табиғи жағдайлар болған кезде қайтадан дұрыстайтын болады.

Жолда автоматты өлшеу стансалары көбейеді 

Ауыр жүк көліктері салдарынан автожолдардың бүлінбеуін қамтамасыз ету үшін автоматтандырылған өлшеу стансалары орнатылып жатыр. Бүгінгі таңда мұндай 46 құрылғы жұмыс істеп тұр. Алдағы үш жыл ішінде тағы 102 станса қолданысқа беріледі.