Оралдың инфрақұрылымы дамып жатыр

Оралда жаңадан салынып жатқан «Ақжайық» шағын ауданын қала орталығымен төте жалғайтын көпірдің құрылысы басталды. Шаһарда 250 адамға арналған емхана да салынып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Жаңа нысандарға қажетті қаржы Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Халықтық құрылыс» инфрақұрылымдық жобасы аясында бөлінді.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

– Небәрі 4 жыл бұрын Зашаған кенті мен Деркөл шағын ауданының арасы мидай жазық дала болатын. Қалқиған электр бағандарынан басқа көз тоқтатып қарарлық ештеңе жоқ еді. Ал қазір мұнда ондаған үй пайдалануға берілді. Тағы 20 шақты нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Болашақта жаңа шағын ауданда 70 мың адам өмір сүрмек. Шаған өзенінің оң жағасынан орын тепкен «Ақжайық» шағын ауданының жобасы қаланың бас жоспарына 2014 жылы енгізілді. 2019 жылы су, жарық, кәріз, газ желілері тартылды. Ал 2023-те алғашқы үйлер салына бастады. Күні бүгін мұнда 6 мыңға жуық адам тұрады. Жолдар салынған, шағын аудан барлық қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған.

Махамбет Әбілхатин, «Ақжайық» шағын ауданының тұрғыны:

– Соңғы жылдары салынып жатқан аудан ғой. Бұрын кең дала болды. «Рыбцехтан» басқа ештеңе болған жоқ. Соңғы жылдары танымастай өзгерді. Жоспар бойынша 76 үй салынайын деп тұр. Мақтап жатқан жоқпын. Істеп жатқан жұмысты істелді деп айту керек. Көлік инфрақұрылымы да басты назарда. Халық санының артуына байланысты шағын ауданды қаланың орталығымен тіке жалғайтын көпірдің құрылысы басталды. Шаған өзеніне салынатын көпірдің арналық бөлігі 220 метр болса, жалпы ұзындығы 4,4 шақырымды құрайды.

Төлеген Макеев, учаске бастығы:

– Қазір көпір жолының табанын тартып қойдық. 134 қада қақтық. Көпірдің тіректері соған түсетін болады. 4 бетон тірек өзен арнасына түседі. Қыс мезгілінде судың тартылғанын пайдаланып, соған қажетті қадаларды қағамыз. Көктемге су тасығанша, үлгеру үшін жұмысты екі ауысымға көшірмекпіз. Құрылыс құны жобалауымен қоса алғанда 36 млрд теңге. Қазір тұрғындар қала орталығына жету үшін Зашаған кенті, не Деркөл шағынауданы арқылы айналады. Ал көпір салынып біткенде жол екі есе қысқарып, көлік кептелісі де азаяды. Көпірдің бастап салынуы жаңа шағын ауданның инвестициялық тартымдылығын да арттырған. Кәсіпкерлер тұтас орамдардың құрылысына қаржы құюға әзір.

Шынболат Сисекешов, құрылыс компаниясының өкілі:

– Қазір жақсы жол салынды. Осы құрылысқа байланысты коммуникация жүргізілді, үкімет шарасы бойынша. Соған байланысты бүкіл нелер келіп тұрса неге салмасқа үйді. «Ақжайық» шағын ауданына кәсіпкерлердің қызығушылығы бар деп ойлаймын. Бұл – жаңа, дамып жатқан шағын аудан.

Жоспарға сәйкес таяу 10 жылда шағынауданда 76 көпқабатты тұрғын үй кезең-кезеңімен салынады. Жыл сайын мыңдаған пәтер тапсырылады. Өзге де әлеуметтік нысандар ұмыт қалмайды.

Мұрат Бәйменов, Орал қаласының әкімі:

– Одан басқа 1500 балаға арналған 3 мектеп, 4 балабақша және 60-тан астам әлеуметтік нысандар бар. Соның ішінде аурухана, стадион, перинаталды орталық салу жоспарда бар. Одан басқа ол жерде жеке инвестиция үстел теннисі орталығын салу жоспардануда. Қазір 146 шақырым жылу желілері, инженерлік желілер толықтай салынды. Осылайша, «Ақжайық» шағын ауданы бүгінде Орал қаласының жаңа даму аумағына айналды. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

Сондай-ақ оқыңыз: