Корея Қазақстаннан мұнай сатып алуды көздейді
Оңтүстік Корея Қазақстанмен мұнай жеткізу бойынша келіссөз жүргізбек. Бұл туралы бүгін Президент Әкімшілігінің басшысы Кан Хун Сик мәлімдеді.
Бастама энергетикалық дағдарысқа байланысты туындап отыр. Таңғы шық еліне көмірсутектердің 60%-дан астамы Ормуз бұғазы арқылы жеткізіледі. Толығырақ Сеулдегі тілшіміз Владислав Цойдың бейнематериалында.
Таяу Шығыстағы әскери қимылдар Оңтүстік Корея экономикасына айтарлықтай әсер етуде. Ормуз бұғазы арқылы мұнда тек мұнай ғана емес, жартылай өткізгіштер өндірісі үшін аса маңызды гелий де тасымалданады. Қазір бұл аймақта Оңтүстік Кореяның 26 кемесі бар, үкімет олардың қауіпсіз өтуі үшін тиісті шараларды қабылдап жатыр.
Нафта тапшылығына байланысты полиэтилен, медициналық ерітінділер, қаптамалар мен шприцтер өндірісінде қиындықтар туындады. Наурыз айының соңында ұлттық валюта - вона 17 жылдық деңгейге дейін құлдырап, бір доллар 1 530 вонаға дейін жетті. Бұл - 2009 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан бергі ең нашар көрсеткіш. Мұндай жағдай Сеулді Ормуз бұғазын айналып өтетін баламалы бағыттарды, мысалы, Біріккен Араб Әмірліктегі Фуджейра порты арқылы тасымалдау жолдарын іздеуге мәжбүрлеуде.
Кан Хун Сик, Корея Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы:
- Бүгін Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғанына 39 күн болды. 25 наурыздан бастап Президент әкімшілігінде төтенше экономикалық штаб жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы жеке өзі үш шұғыл кеңес өткізді. Өткен айда біз Біріккен Араб Әмірліктерімен 24 миллион баррель мұнайды бірінші кезекте жеткізу туралы келістік. Іс жүзінде бұл шикізат біздің порттарға біртіндеп келе бастады.
Бірақ Оңтүстік Кореяның тәулігіне шамамен 2,5 миллион баррель тұтынатынын ескерсек, Әмірліктерден жөнелтілетін шикізат тапшылықты жоюға жеткіліксіз. Сондықтан үкімет Астанамен келісуден үмітті. Оның үстіне бұған дейін тасымалданған. 2023 жылы Ресейге қарсы санкциялар енгізілгенн соң Оңтүстік Корея нарығына шамамен 34,5 миллион баррель қазақстандық «қара алтын» жеткізілген болатын.
Кан Хун Сик, Корея Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы:
- Бүгін кешке мен Қазақстанға, Оманға және Сауд Арабиясына аттанамын. Сапардың мақсаты - тиісті мекемелермен және энергетикалық компаниялармен бірлесіп, мұнай мен нафтаны қосымша жеткізу мәселелерін талқылау. Біз импорттаушылармен бірге танкерлер порттарымызға жеткенге дейін қолдау көрсетуге ниеттіміз.
Қазақстан мұнайы Кореяға қай жолмен жеткізілетінін Президент әкімшілігінің басшысы нақтыламады. Алайда, мұны Ормуз бұғазын айналып өтіп, бірнеше бағытпен жүзеге асыруға болатыны белгілі. Оның ішінде Батыс бағыт - Ресейдің Новороссийск порты арқылы, Транскаспий бағыты - Ақтаудан Түркияның Жейхан портына дейін, ал шығыс бағыт - Атасу-Алашанькоу мұнай құбырымен Қытай арқылы жеткізуді қамтиды.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян